«ӨМІРДІҢ ӨЗІ МАХАББАТ» АТТЫ ӘДЕБИ САЗДЫ – ПОЭЗИЯЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

Тараз қаласында наурыздың 10 күні №3 мектеп-лицейінде ақын, әлем  халықтары жазушылар одағының мүшесі Сәуле Шәмшіғалиқызының шығармашылығына арналған «Өмірдің өзі махаббат» атты облыстық әдеби сазды - поэзиялық кеші өтті.

Өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің өрнегі мол жырларын жастарға насихаттау, ақынның өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың жыр оқуға құлшынысын арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы ұйытқы болды.

Әдеби – сазды кеш барысында кафедраның студенттері мен бітіруші түлектері  ақын шығармашылығынан үзінділер оқып, автордың төл туындысынан қойылым көрсетілді. 

Сонымен қатар, Сәуле Шәмшіғалиқызының сөзіне жазылған әндер шырқалып, ақын студенттердің арнау өлеңдері оқылды.

Поэзия кешіне Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, педагогика журналының редакторы Гүлнара Есмаханова, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, ҚР ақпарат және мәдениет саласының үздігі Ғайни Әлімбекқызы, Жазушылар Одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, «Ақ жол» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, «Анаға тағзым орталығының» директоры Эльмира Мырзағали, республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері, «Ақ жол» газетінің тілшісі Есет Досалы, ақын, республикалық, халықаралық мүшәйралардың жүлдегері Қуаныш Ауғанбаев, ақын, «Арай» газетінің тілшісі Нұржан Әліш қонақ болып, жылы лебіздерін білдірді.

Сондай – ақ, университет тарапынан кәсіптік бағдар жұмыстарын негізге ала отырып, 8 – 11 сынып мектеп оқушыларына «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Абдықадырова Тұрсынай Рыстайқызы, «Ұстаз» институты директоры Джолдасова Орынқыз Көпбосынқызы, «Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің» директоры Назарбекова Алуа Ахмедиярқызы, кафедра доценті, абайтанушы ғалым Р.М.Саламатова, аға оқытушылар Е.Б.Әбдімомынов, Н.М.Рсымбетова қатысып, университет имиджі туралы кеңінен тоқталып өтті.

Кеш соңында Сәуле Шәмшіғалиқызының сиясы кетпеген «Албандар» атты тарихи-дастанының тұсауы кесіліп, кеш қонақтарына және ұйымдастырушыларға сыйға тартылды. Әдебиет сүйер қауым ақынға өзінің көкейіндегі сұрақтарын қойып, еркін сұхбат жүргізіп, батасын алды.

WhatsApp Image 2023 03 15 at 11.01.33 1

Top