ҰЛТТЫҢ БҮГІНІ МЕН КЕЛЕШЕГІ – БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

2022 жылғы 24-ақпанда «Педагогикалық психология» кафедрасының ұйымдастыруымен «Бүгінгі қоғамдағы жастар келбеті» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Аталған іс-шараға «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету» орталығының директоры Калыбекова Жамал Дуйсембаевна, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар және студенттер қатысты.

Қазіргі қоғамда жастардың психологиялық дамуы, сапалы білім алуы және қоғамда өз орнын табуы сияқты өзекті мәселелер тұлғалық  қалыптасуға  әсер етеді. Орталық директоры Ж.Калыбекова бірнеше бағыттарда жүргізілетін жұмыстар: тұлғаны психологиялық диагностикалау және тексеру, әлеуметтік-психологиялық патронаж (жүйелі түрде қадағалау), көрсетілетін қызметтерді алушылармен психологиялық-профилактикалық жұмыс, психологиялық консультация беру, психологиялық түзету және т.б. туралы айтып өтті. Кафедра меңгерушісі Сматова К.Б., аға оқытушы Қарабекова А.Ж. жастардың мәдени-рухани өмірі, отбасы психологиясы, мінез-құлық стереотиптері, жанжалды қарым-қатынас және т.б. әлеуметтік,  психологиялық-педагогикалық мәселелер аясында өз пікірлерін білдірді. Ұлттың бүгіні мен келешегі – белсенді жастардың қолында дейтін болсақ, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ ғана ел болашағын қалыптастыра алады.

Осы орайда, пікірталасқа кафедра оқытушылары, студенттер мен магистранттар белсене қатысып, көкейкесті сұрақтарға ұтымды жауаптар алды. Студенттер өз өнерлерін көрсетіп күй, терме, өлең шумақтарымен бөлісіп, кештің әсерлі өтуіне үлкен үлес қосты.

2

3

4

5

6

Top