«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 30 ЖЫЛ»

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде 8 желтоқсанда 2021 жылы «Тарих және география» кафедрасы «Мұрагер» ғылыми-ізденіс үйірмесінің ұйымдастыруымен  «Рухани құндылықтар және Тәуелсіздікке 30 жыл» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шарамызға арнайы шақырылған қонақтарымыз 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысқан, ұлтым деп жанкештілікке барган халық қаһарманы Қайрат Рыскулбековпен Алматы қаласының Архитектура және құрылыс институтында бірге оқыған желтоқсаншы Кеншінбеков Талғат Дүкенбайұлы,  сын сағатта елім деп алаңға шыққан  қайсар апамыз Иманкулова Света Үдербайқызы және университетіміздің ардагер ұстазы «Шет тілі» кафедрасының аға оқытушысы Испанкулова Гулайша Әшірханқызы, «Физкультура және спорт» кафедрасының аға оқытушысы желтоқсан оқиғасына қатысқан Қамысбаева Жанар Қалабайқызы, №9 мектептің ұстазы ауған соғысының ардагері Салыбеков Махмұд Әріпханұлы  қатысты. Сондай-ақ кафедра доценті Мырзабеков Бақыт Ормаханұлы, «Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің аға кураторы Ибраимов Нұржан Лесбекұлы және Тараз қаласының №9 орта мектебінің 11 сынып оқушылары тарих пәнінің мұғалімі Рапилбаев Ержан Ізбасарұлының ұйымдастыруымен келіп қатысты. Дөңгелек үстел жұмысының барысында тарих мамандығының 1 курс студенті, үйірме мүшесі Қуанышов Жалғас «Рухани жаңғыру және ұлттық код» тақырыбында баяндама оқыды. Баяндама барысында өркениеттілікке ұмтылған егеменді ел, ең бірінші өзі туып өскен жерін сүюге, тарихын, мәдениетін біліп, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ұстануға, ұмыт болып бара жатқан дәстүрімізді жаңғыртып, санамызға тек адамгершілікті қасиеттер мен жұртымыздан қалған құндылықтарымызды бағалау аса маңызды екенін айта келіп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу тарихшылар алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі екендігі айтылып өтті. Сонымен қатар Елбасының рухани жаңғыруға қатысты тұжырымдамасы аталып өтті.

4

Дөңгелек үстел бағытын ары қарай желтоқсаншылар өз бастарынан өткен оқиғаны еріксіз еске ала отырып, жалғастырды. Олар желтоқсан оқиғасы туралы, оның қалай орын алғанын және сол кездегі жалынды жастардың бойындағы ыстық қайрат пен көздеріндегі оттан Отанына деген сүйіспеншілігін, махаббатын сезіндік дейді. Ештеңеден тайсалмаған жастар (ол кезде Брежнев алаңы) қазіргі Республика алаңында ызғарлы желтоқсанның суық желіне қарамастан Шәмші Қалдаяқовтың қазіргі әнұранымызға айналған  «Менің Отаным – Қазақстан» өлеңін  еш қаймықпай орындады деп еске алады. Желтоқсаншы Кеншінбеков Талғат Дүкенбайұлы жатақхананың жертөлесінде жасырынып жасаған өз қолымен жазған лозунгтардың қазіргі таңда  Тараз қаласындағы Желтоқсаншыларға арналған музейде құнды жәдігер ретінде сақтаулы тұрғанын айтып өтті. 

1

Аталған іс-шара өскелең жастарымыз бен мемлекетіміздің патриоттық ұрпағын тәрбиелеуде өткенімізді еске алып, өшкенімізді жандандырып,  кешегі желтоқсанның ызғарлы желіне қарамастан ұлт мүддесі үшін алаңға шыққан белгілі азаматтардың есімдерін ұлықтау арқылы ұлтжандылыққа баулу аса қажет. Туған жерді қастерлеу, онан өніп-өсіп шыққан тұлғалардың жасампаздығын тарихта қалдыру ұлттық рухымыздың биіктігін көрсетері сөзсіз. Бұл іс-шарада №9 орта мектебінің оқушылары және тарих мамандығының 1, 2 курс үйірме мүшелері сұрақтар қойып белсенді қатысты. Тарих мамандығының 1 курс студенті үйірме мүшесі Қуандықов Әліби «Елдікке бастаған Егемендік» тақырыбында баяндама оқыды. Баяндама талқыланғаннан соң, 1986 жылғы оқиғаға байланысты видео фильм көрсетілді. Сонау 1986 жылғы сол есте қалар күн әрі бақытты, әрі қайғылы күн болды. Сол желтоқсанның ызғарлы күнінде болған оқиға ешқашан жадымыздан шықпайды, ұмытылмайды, ұмытуға қақымыз да жок. Дөңгелек үстел өте қызықты да әсерлі өтті. Іс-шара соңында мектеп оқушылары мен студенттер желтоқсаншыларға үлкен алғыстарын көрсетіп тағзым етті.  Ал іс-шара соңында үйірменің белсенді мүшесі Әшірхан Құттыбек жастардың гимнін орындап, жалындаған патриоттық сөздерімен іс-шарамызды аяқтады.

 «Мұрагер» үйірмесінің жетекшісі Идрисова Гүлжан Бердімбайқызы

Top