ЖУРНАЛИСТПЕН ЖҮЗДЕСУ

«Мұнай,  газ және механика» факультетінің ұйымдастыруымен «Парасат жолы: Армандар орындалады» тақырыбында журналист, ақпарат саласының үздігі   Әбдиев Ерман Қанжанұлымен  кездесу болды.

Елдегі етек алған жағдайға байланысты  іс-шара Zoom платформасы арқылы өтті. Аталған  жүздесуге оқу  ордамыздың ұстаздары,  студенттер қатысты.

Алғашқы сөз тізгінін алған «Мұнай, газ және механика» факультетінің деканы Кенжеғали Шилібек кездесу  қонағы Ерман Әбдиевке шынайы алғысын білдіріп, көптің көкейінде жүрген сұрақтарды айта отырып салихалы сұхбат жүргізді.

Тәжірибелі журналист бүгінгі ақпарат саласының кеңістігі, газеттердің бағыт-бағдары, шынайы ақпарат жеткізудегі әлеуметтік желінің рөлі туралы өз ойларын ортаға салды. Балалық шағы, өскен ортасы, ауылдағы қызықты күндер, студенттік шақтары туралы қызықты әңгімелерімен де бөлісті. Мақсатқа  жету жолында адамда асқақ арман, үлкен мұрат болуын, білім шыңына шығу жолында тынбай еңбектену керектігін студенттерге басып өткен жолындағы кездескен қиыншылықтар, түрлі тосқауылдарды нақты мысалмен айта отырып түсіндірді.

Сұхбат соңында Кенжеғали Қошқарбайұлы қонаққа қатысушылар атынан рақметін айтты, әрі айтары бар кештердің әлі жалғасын таба беретінін еске салды.

Top