Үлкендердің батасын алмай, атастырылған жігітін ұмытқан Әсел Ілиястың етегін ұстап небір қызықты да қилы сәттерді бастан кешіреді. Алайда олардың басындағы бақыт қас-қағым сәт қана. Ойда-жоқта кездесуден басталған таныстық үлкен махаббатқа ұласады. Шың басындағы шынарға ұқсатқан, ақ жүрегінің құрбаны болуға даяр Әселінен Ілиясты алыстатқан нендей сиқыр, нендей құдірет? Қойылымда сезім мен намыс сынға түсіп, «бастарына бейуақ бақытсыздық орнаған» жандардың өмірі баяндалады. Өмірде бір ғана жасалған ағаттықтың бағасы қандай болмақ?
Сүйіспеншілік, адалдық, сыйластық, достық, көре алмаушылық, жауапкершілік, қамқорлық сынды тақырыптар қозғалатын лирикалық драмада нәзік сезім, ішкі мұң жатыр. Спектакль өмірдегі ұмытылмас, жүректің түкпірінде терең сақталған қимас махаббатты әспеттейді.
-«Мәңгілік махаббат» - тарихы бар ұлы шығарма, бұл Ш.Айтматовтың алғашқы жазған повестерінің бірі. Және бұл повесть – әлемде 140-тай тілге, мемлекетке, тілге аударылған ұлы шығарма. Бұл шығарманы махаббаттың гимні деуге болады.