МҰРАЖАЙ

МҰРАЖАЙ

КАЛАБАЕВА АКСАУЛЕ ТОРТАЕВНА

Мұражай меңгерушісі

Байланыс номері: 8(702) 332-30-21, 8(707) 244-09-34

E-mail: Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.

Адрес: ул. Сулейманова 7

Қызмет бағыты

Университет музейнің мұрасын сақтау, дамыту және насихаттау үшін қолайлы жағдайлар жасау; Қазақстанның тарихи-ғылыми құн¬дылықтарын, әлемдік өркениеттегі Отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін, ерекшелігін және университет саласындағы басымдылығын насихаттау; студенттерді, оқытушы-профессорларын, мектеп оқушы¬ларын, Қазақс¬тан халқын, Жамбыл облысы жұртшылығын және қала қонақтарын университеттің тарихымен, жетістіктерімен таныстыру; жастарды патриоттық тәрбиеге баулу, жаңа технология мен компьютерлік техника жетістіктерін пайдалана отырып, отандық ғылымның тарихын әсерлі және музейге лайықты түрде ұсыну; музейлік бағдар¬ламаны инновациялық бағытта құру; Қазақстанның өскелең ұрпағының ин¬те¬лек¬тін, олардың шығармашылық тарихи-тұлғалық тәрбиесін дамыту;

 
 

 

Музей залдарынан көріністер

Біздің университетіміз облысымыздағы білім ошағы ғана емес үлкен мәдени орталық. Университет тарихынан сыр шертетін университет музейі бар. Бүгінгі таңда музей мәдени институт мәртебесіне ие болып, халықтың білім деңгейін арттырып, оларға эстетикалық тәрбие берудегі басты факторының біріне айналды. Музейге қарап, оның Тараз өңіріндегі халықтың тыныс- тіршілігінен толықтай мәлімет алып, қыр-сырын тануға болады. Ол біздің болашақ жастарымыздың өркениеттілігінің белгісі. Студенттеріміздің рухани ой-өрісін дамытуда, мәдени сауатын арттыруда қосып отырған үлесі де зор.










Мұражай 1998 жылы үш жоғары оқу орны: Жамбыл университеті (ЖамИ), Жамбыл гидромелиорация құрылыс институты (ЖГМҚИ) және Жамбыл жеңіл және технологиялық өнеркәсібі институтының (ЖЖТӨИ) бірігуі нәтижесінде дүниеге келді. Университет мұражайы - Жамбыл облысында жоғары білім беру ошағының даму тарихын, ғылым және мәдениеттің аймақтық орталығының өсу жолдарынан құнды мәлімет беретін мұражайдың бірі болып табылады. Мұражайдың дизайнын жасаған, елімізге еңбегі сіңген архитектор Сапаргалиев Малик Кинаятович. Ал осы архитектор М.Сапаргалиевтің дизайнын қолдап, оның әрі іске асуына үлкен септігін тигізген, өз кезегінде аталған институттардың басын біріктіре отырып, Тараз мемлекеттік университетінің ірге тасын қалаған ең алғаш университет ректор атауына ие болған– У.Қ Бишимбаев еді.








5 -залдан тұрады және әр залдың өз тарихы бар:

1-шы зал:

М.Х.Дулати залы – Ұлы ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған университет қабырғасында болып өткен дәстүрлі «Дулати оқулары» Халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференциясында түсірілген фотосуреттері, ондағы оқылған баяндамаларымыздың жинақ түрінде шығарылған кітаптары орын алған. М.Х.Дулати бабамыздың жерленген Кашмир өлкесіндегі Сринагар қаласына жерленген зиратынан алынған киелі топырағы қойылып, ал төрден бюсті орын алған. Ұлт тарихынның негізін қалыптастырған, оны тарих қойнауынан бізге жеткізуші ғұлама ғалым, ірі қоғам қайраткері, қолбасшы - Мұхамед Хайдар Дулати екендігін жадымызда берік ұстауымыз керек.





2-шы зал:

Жамбыл облысы институттарында және Тараз мемлекеттік университетінде басшылық қызметте болған ректорлардың портреттері ілінген, олардың еңбектері, алғыс хаттары мен құттықтау қағаздары қойылған. Залдың төрінде Н.Ә.Назарбаевтың отырған столда құрметті қонақтар кітапшасында алғаш президентіміз болған Н.Назарбаевтан бастап көптеген қоғам және мәдени қайраткерлерінің, шет ел қонақтарының университет музей туралы, оның жалпы тарихына жылы лебіздері жазылған.





3-шы зал:

3-ші залы университеттің кешегі мен бүгінгі даму тарихына арналған.. Залға ҰОС ардагерлеріне, белгілі спорт шеберлеріне арналған фотостенд, студенттердің спорттық жетістіктері туралы дипломдары, кубоктары, марапаттау қағаздары қойылған. Қоғам қайраткерлері, ғалымдар М.Ф.Үркімбаев пен А.С.Ахметовке арнап бұрыш жасалынған. Мұражай залында университеттің барлық факультеттері, құрылымдық бөлімдері жайлы толық мәліметтер фотостенд түрінде ілінген, спортсмендеріміздің жетістіктегі медальдары, кубактары, мақтау қағаздары орын алған. Әр факультеттің бүгінгі күнге дейінгі баспадан шығарылған ғылыми-педагогикалық жетістіктері, марапаттау қағаздары және университетіміздің 60- жылдық мерей тойы қарсаңына М.Х.Дулати бабамыздың суретімен арнайы жасалынған Дулати төс белгісі орын алған.





4-ші зал – Халықаралық байланыс залы.

Біздің университетімізбен, ғылыми зерттеу институттарымен байланыста болған Азия, Европа және Америкадағы т.б. шет мемлекеттерінің ту белгілері және келген қонақтардың қолтаңбасы мен тілектері жазылған кітап қойылған. Бөлімдегі стендттерде университеттер арасындағы келісім шарттар, алыс және жақын шетелдер университеттерімен, оның ішінде Индиана университетімен, АҚШ-тың Фресно университетімен ғылыми байланыстар туралы және ТарМУ-нің Италия мемлекетінің Болония қаласындағы Ұлы Хартия құрамына мүшелік болуы туралы келісімге қол қою рәсімінен мемарандум альбомдары да орын алған.





5-шы зал:

Бесінші зал –этнография залы, ежелгі Тараз тарихы , қазақ халқының мәдениетін баяндайтын зал 12 бөлімшеден тұрады. Зал экспонаттары бай материалдарға толы, онда студенттердің оқу тәжірибелігі мен археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінен табылған жәдігерлермен толығып отырады. Ертедегі шаруашылық астық сақтайтын құмыра VII – VIII ғғ. Құралдары, пышақтар, балталар, кереамикадан, қоладан, мыстан, тастан жасалған үй шаруашылық бұйымлары қойылған. Орта ғасырлардағы белбеу мен жүген, құранды ер тоқым, ертұрман , ескі ақшалар,XVIII ғ. Күмістен жасалған әшекей бұйымдар шолпы, шашбау , тұмарша ,білезіктер қойылған. Көрермендерді «Табиғат отауы» атты бөлім өте көп қызығушылық танытады. Аңшылық шитті мылтық Қаратау өңірінен Берікқара ауылының шебер қолды тұрғыны жасаған (1886 ж.). Мұнда сонымен қатар аңшы құстар қыр бүркіті , қаршыға, талас қырғаулы, балабан, сұңқар сияқты құстар орын алады.





Ерекше бағаланатын құнды жәдігерлер университеттің оқытушы-профессорларының, білімгерлерінің мұражайға сыйлаған жәдігерлерімен жинақталған, сонымен қатар Жамбыл облысы өңірінің қысқаша тарихи этнографиялық көрінісін береді. Шет елден келген қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырады.

«Баласағұни» музейі

М.Х.Дулати атындағы Тараз университет музейінің бірі «Баласағұни» музейі ТарМПИ –ның 40 жылдық мерей тойына орай 2007 жылы қараша айында сол уақытқа дейінгі институттың жеткен жетістіктері мен ерекшеліктерін дәріптеу және Жамбыл облысындағы Ортағасырлық қалалардың бірі «Баласағұн» қаласының археологиялық құндылықтарын таныстыру мақсатында ашылған. Музейдің ашылуына ұйтқы болған – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің т.ғ.д. профессоры У.Х. Шалекенов. Ең әуелі музей болып Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 2 корпусының екінші этажында 99,8 шаршы метр бөлмеде ашылып, кейін институттың 50 жылдық мерейтойына орай сол кездегі институт ректоры т.ғ.д. профессоры Д.П. Қожамжарованың басшылығымен 2017 жылы қазан айында көлемі 625 шаршы метрлік екі этажды ғимаратқа көшірілді.

Музей – өткен уақыт туралы естеліктерді жинақтайтын универсиеттің рухани орталықтарының бірі. Жалпы музей екі бөлімнен тұрады:




Көрме залында : бірінші бөлім ақын, ғұлама ғалым – 1020 жылы Баласағұн қаласында туылған – Жүсіп Хас Хажип Баласағұниға арналған. Қайтыс болған жылы белгісіз,  Баласағұнидің біздің заманымызға дейін жеткен ең ірі туындысы -1069 жылы көне түркі тілінде жазылған «Құдатғу білік» («Құт әкелетін білім») поэмасы. Бізге поэманың үш нұсқасы жеткен: Вена, Мысыр, (Каир), Наманған (Ферғана). Осы нұсқаларды шығыстанушылар көп зерттеген және бұл еңбектердің құндылығын бәрі бір ауыздан мақұлданған. Бұрын қысқартылып орыс тіліне, кейін кең көлемде өзбек тіліне аударылған болса, 1986 жылы көне түркі тілінен қазақ тіліне ақын, ғалым Асқар Егеубаев аударып, алғыс сөзі мен түсініктерін жазды. Түрік, Қазақ тіліне аударылған құнды еңбек музейдің төрінен орын тапты. Музейдің қалған бөлігі Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы Қазақстан қалаларының үстімен өткен, осындай Орта ғасырлық аты әлемге әйгілі қалалардың бірі – Баласағұн қаласына арналған. Ол бізге жердің қойнауына түгелімен енген археологиялық ескерткіш түрінде жеткен. Бұл «Құм басқан» қаланың орны Жамбыл облысы Шу ауданы, бұрынғы «Калинин» колхозы қазіргі «Баласағұн» ауылының жерінде, Алматы – Тараз тас жолының бойында. «Ақтөбе» деп аталатын ортағасырлық үлкен қаланың орнын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің т.ғ.д. профессоры У.Х. Шалекенов зерттеген.

28.09.2023 ж. өткізуші «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығынан Есепке алу, сақтау, көрме және оқу залдарының жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы А.Баймағанбетова және қабылдаушы музей меңгерушісі А.Калабаева арасында жасалды. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы «Баласағұни» музейіне төмендегі кітапты сыйға тарту етіп, кітап «Баласағұни» музейінің төрінен орын алды.







Жәдігерлерлердің қор бөлімі. «Университет тарихы», онда факультеттер туралы мәліметтер, экспозициялар қойылған.

Музей қорында әр түрлі деректердің 300 ден астам түрлері сақталған: негізгі оқиғаларды бейнелейтін құжаттар; оқытушы-профессордың  жоғары оқу

орнының тарихы сақталған фотосуреттер; марапаттаулар, жеке заттар, монографиялар кітаптар,оқулықтар, жинақтар бар.

Ортағасырлық Баласағұн залының экспонаттар:










Құмыра (ХІ-ХІІІ ғғ. басы)

Құрамына қиыршық тас, құм, қоршала қыш қағы қосылып саз балшықтан жасалған. Құмыраның күйдірілуі бір қалыпты. Ауызы кең, бүйірі шығыңқы келген ыдыс үш бөліктен: мойын, бүйір, түбі бөлек жасалып жапсырылған. Құмыраның биіктігі – 39 см. Тік шығып аяқталған ернеуінің диаметрі – 11 см, бүйірінің диаметрі – 25 см., түбінің диаметрі – 12 см. Ернеу асты мен бүйіріне жалғап жапсырылған тұтқасы сынып түскен. Қабырғасының қалыңдығы 0,8-1 см.

Қыш келі тәрізді ыдыс (ІХ-ХІ ғғ.)

Құрамына құм, қоршала қыш қағы қосылған саз балшықтан жасалып, бірқалыпты күйдірілген. Ыдыстың биіктігі – 28 см., Ернеуінің диаметрі – 22 см. Түбінің диаметрі – 16 см. Қабырғасының қалыңдығы – 1,5-4 см. Түсі қызғылт-сары. Ернеуі сынық.

Көзе (ІХ-Х ғғ.)

Құрамына шыршық тас, құм араластылған саз балшықтан қолмен жапсырылып жасалған ыдыстың күйдірілуі бір қалыпты. Сырты өңделмеген ыдыстың биіктігі – 17,5 см. Тік аяқталған ернеуінің диаметрі 16 см. Бүйірінің диаметрі – 10,5 см. Имек тәрізді жалпақ келген тұтқасының жоғарғы жағы ернеуіне, төменгі жағы бүйіріне жапсырылып бекітілген түйіннің ұзындығы – 5 см. Ені – 2 см. Түйіннің бетінде бастырылған үш саусақтың ізі бар. Ыдыстың сыртын күйе жапқан.

Тегеш (VI-VIII ғғ.)

Құрамы қиыршық тастан, құм араластырылған саз балшықтан қолмен жапсырылып дөрекі жасалған. Диаметрі – 13 см. Түбінен қабырғасы сыртқа сәл кеңіп шығып ернеуі тік аяқталған. Ыдыстың биіктігі – 9 см. Ыдыс сынған, жартысы жоқ.

Келі (VIII-X ғғ.)

Құрамына құм араластырылған саз балшықтан қолмен жапсырылып жасалған. Ыдыстың биіктігі – 13 см. Ернеуінің диаметрі 16 см. Сыртқа жалпайып шыққан түбінің диаметрі – 12 см. Қабырғасының қалыңдығы – 1,4 см. Бірқалыпты күйдірілген, түсі қызғылт-сары.

Құты (VI-VIII ғғ.)

Құмыра пішініне ұқсас қолмен жапсырылып жасалған. Биіктігі – 8 см. Ернеуінің диаметрі – 4 см. Бүйірінің диаметрі – 6 см. Түсі қызғылт-қоңыр.

Тегене (ІХ-ХІ ғғ.)

Құрамына құм, қиыршық тас, қоршала қыш қағы араластырылып саз балшықтан қолмен жапсырылып жасалған. Бірқалыпты күйдірілген.

Құмыра түбі (ІХ-ХІ ғғ.)

Үш бөліктен құрастырылып жасалған құмыраның бөлініп қалған түбі әрі қарай ыдыс ретінде қолданылғанға ұқсайды. Диаметрі – 16 см. Биіктігі – 8 см. Қалыңдығы – 1,4 см. Түсі сарғыш қызыл.

Таға тәрізді келген қапсырма (ІХ-ХІ ғғ.). Қола бұйым (ІХ-ХІ ғғ.). Сақиналы келген бір бетінде ою-өрнегі бар. Қола қапсырма (ХІ-ХІІ ғғ.) Пішіне кілтке ұқсайды. Өрнекті темір қапсырмалар (ІХ-ХІ ғғ.) Тұтқа және ілмек тәрізді қапсырмалар (ІХ-ХІ ғғ.) Темір жабдықтар (ХІ-ХІІ ғғ.) Пышақ сабы, жебе ұшы, шынжыр үзбесі, сақина, тілшесі бар сақиналы тоға Сандық қапсырмасы мен тиектеу бөлігі (ІХ-ХІ ғғ.) Қайрақ тастар – 5 дана, ұршық тас – 1 дана, арнайы мақсатта қолданылған тас – 1 дана Ернеуінің диаметрі – 11,5 см., бүйірінің диаметрі – 27 см. Тұтқасының төменгі жағы сыртында бас бармақтың бастырылған ізі бар. Көзе (VIII-Х ғғ.) Бірқалыпты күйдірілген. Биіктігі – 19 см. Бүйірінің диаметрі – 16 см. Түбінің диаметрі – 8,5 см. Келі (ХІ-ХІІ ғғ.) Бірқалыпты күйдірілген. Сырты қатты мүжілген. Биіктігі – 22 см. Ернеуінің диаметрі – 12 см. Түсі қызыл-қоңыр. Келі – дәнді қауызынан ажыратуға және ұнтақтауға арналған ыдыс. Ертеден келе жатқан үй мүлкі. Қазан (Х-ХІІ ғғ.) Шар тәрізді келген ыдыстың түбі тегіс. Тұтқасының орны сақталған. Түб жағын күйе жапқан және т.б.

 

Top