ӘСКЕРИ КАФЕДРАҒА ОҚУҒА ТҮСУ ЕРЕЖЕСІ

Азаматтарды запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери қызметке әскери даярлау Қазақстан Республикасының әскери оқытылған резервін қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері (бұдан әрі – ҚР ҚК) офицерлер құрамының бастапқы лауазымдарын қосымша жасақтау мақсатында алатын жоғары кәсіптік білім негізінде әскери-есептік мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.

Азаматтарды запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша әскери қызметке әскери даярлау Қазақстан Республикасының әскери оқытылған резервін қалыптастыру, сондай-ақ ҚР ҚК сержанттар құрамының лауазымдарын қосымша жасақтау мақсатында әскери-есептік мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.

Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери дайындық мемлекеттік білім тапсырысы және ақылы негіздерде жүзеге асырылады, ақылы негізде оқыту құны мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыту құнынан аспайды. Запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша әскери дайындық ақылы негізде жүзеге асырылады.

Студенттерді запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша ақылы негізде оқыту үшін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының (бұдан әрі – ЖЖООКБ) басшысы ҚР ҚМ-мен келісу бойынша басқа ЖЖООКБ-лардың студенттерін әскери кафедрада оқытуға жібереді.

Запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша оқыту үшін әскери кафедралары бар ЖЖООКБ басшылары басқа ЖЖООКБ-лардың студенттерін оқытуға жібереді.

 Конкурсқа қатысуға конкурс өтетін жылы 24 жастан аспайтын студенттер жіберіледі.

Әскери кафедрада оқыту үшін студенттерді іріктеуге конкурс төрт кезеңде жүзеге асырылады:

  • бірінші кезең – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 2 шілдедегі №373 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларына және әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ережеге (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11846 болып тіркелген) сәйкес медициналық куәландырудан өту;
  • екінші кезең – кәсіби-психологиялық тестілеу жүргізу;
  • үшінші кезең – дене шынықтыру дайындығын тексеру;
  • төртінші кезең – ЖЖООКБ басшысы жасайтын және бекітетін рейтингілік балл есебіне сәйкес жүзеге асырылатын конкурстық іріктеу.

Конкурстың әрбір кезеңінен бір рет өтуге жол беріледі.

Іріктеу комиссиясының жұмыс істеу регламентін академиялық күнтізбеге сәйкес ЖЖООКБ басшылығы айқындайды.

Іріктеу комиссиясының жұмысы ЖЖООКБ-ның академиялық күнтізбесіне сәйкес жазғы сессия аяқталғаннан кейін 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей басталады.  

Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша оқу үшін құжаттар бірінші (4 жылдық оқумен) және екінші (5 жылдық оқумен) курс студенттерінен қабылданады.  

Запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша оқу үшін құжаттар бірінші, екінші (4 жылдық оқумен) және бірінші, екінші, үшінші (5 жылдық оқумен) курс студенттерінен қабылданады.

Әскери дайындық ЖЖООКБ-да оқу аяқталғанға дейін бір жыл бұрын оқу-жаттығу жиынымен (кәсіби практикамен) аяқталады.

Әскери кафедрада оқу үшін конкурсқа қатысуға ниет білдірген студент келесі құжаттарды қоса берумен өтінішті ресімдейді:    

  1. Өтініш.
  2. Жеке куәлік (түпнұсқасы мен көшірмесі).
  3. Тіркеу куәлігі немесе әскери билет (түпнұсқасы мен көшірмесі).
  4. Көлемі 3х4 см 2 фотосурет.
  5. Соттылығының болуы не болмауы туралы анықтама.
  6. Спорттық жетістіктерді (бар болған кезде) растайтын құжат.
  7. Студенттің ЖЖООКБ-да нақты оқитыны туралы факультет деканы қол қойған анықтама.

Медициналық куәландырудан өту үшін студенттерге әскери кафедрада ресімделген медициналық куәландыру карталары беріледі. Студенттерді медициналық куәландыру жергілікті әскери басқару органдарында қабылдау жылының 1 ақпанынан бастап жүргізіледі. Конкурстық іріктеуге қатысу үшін медициналық куәландыру нәтижелері іріктеу комиссиясының жұмысы басталғанға дейін 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей әскери кафедраға ұсынылады.

Медициналық куәландырудан өтпеген студенттер конкурсқа жіберілмейді.

Студенттердің дене шынықтыру дайындығы дене шынықтыру бойынша нормативтерді тапсыру нәтижелерімен бағаланады. Үш нормативті тапсыру сомасы бойынша 8 балл жинамаған студенттер конкурс кезеңінен өтпеген болып саналады.

Студент ер балалар үшін дене шынықтыру бойынша нормативтер

р/с

Бақылау жаттығулары

Балл

«5»
(өте жақсы)

«4»
(жақсы)

«3»
(қанағаттанарлық)

1.

100 м (с) жүгіру

14,2

14,5

15,0

2.

3000 м (мин) жүгіру

13,00

15,00

16,00

3.

Биік белтемірде тартылу (саны)

12

10

8

Студент қыздар үшін дене шынықтыру бойынша нормативтер

р/с

Бақылау жаттығулары

Балл

«5»
(өте жақсы)

«4»
(жақсы)

«3»
(қанағаттанарлық)

1.

100 м (с) жүгіру

16,0

16,5

17,0

2.

2000 м (мин) жүгіру

10,00

11,3

12,2

3.

Шалқасынан жатқан күйде қолын желкесіне қоюмен денені көтеру (саны)

25

20

15

Студенттерді кәсіби-психологиялық тестілеу ЖЖООКБ-ның компьютерлік сыныптарында жүргізіледі және ол ынталылық, күйзеліске төзімділік, сыни тұрғыдан және логикалық ойлау деңгейін тексеруді қамтиды.

Іріктеу комиссиясының отырыстары іріктеу комиссиясының төрағасы бекітетін жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі және «әскери дайындыққа жіберілсін», «ақылы негізде оқу үшін ұсынылсын», «бас тартылсын» деген шешімдердің бірін қабылдаумен хаттама ресімдеумен сүйемелденеді.

Шешім қарапайым көпшілік дауыс берумен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда іріктеу комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

Тегін негізде оқу үшін әскери кафедраға бірінші нөмірден бастап қабылдау жоспары бойынша бөлінген орындар санына сәйкес келетін нөмірге дейін рейтингіде тұрған студенттер жіберіледі.

Конкурс нәтижелері іріктеу комиссиясының жұмысы аяқталғаннан кейін келесі күні сағат 17.00-ге дейін әскери кафедраның ақпараттық стендіне орналастырылады.

Әскери кафедраға запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша оқуға түскен студенттердің тізімі

Әскери кафедраға запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша оқуға түскен студенттердің тізімі

 

 

Top