Тарихи қаланың төл мерекесі

Тарихы тағылымға бай Тараз шаһарының жұрты қазан айының сегізінші жұлдызында «Қала күнін» атап өтті.
Тарихи қаланың төл мерекесінің қорытынды концерті Көне Тараз этно-мәдени кешенінде облыстық өнер майталмандары мен елімізге танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, Қала күнінің көркін қыздыра түсті. Концерттік бағдарламаның шымылдығын облыс әкімі Н.Нұржігітов өзінің құттықтау сөзімен ашты. Өз кезегінде облыс әкімі алдағы жоспарларымен бөлісіп, Тараз қаласының демографиясының айтарлықтай өскенін, қала тұрғындарының саны 420000-нан асқанын баяндады. Сонымен қатар бес бірдей көп балалы анаға "Алтын алқа" медалін табыстап, өз саласында үздік болғандарды марапаттады. Облыс және қала әкімдері қарапайым халықпен тілдесіп, естелік үшін суретке түсіп те үлгерді.

WhatsApp Image 2022 10 10 at 09.53.19

Қала күніне орай өткізілген "Тараз-спорт қаласы" деген атаумен жеңіл атлетикалық марафон, ерікті жастармен бірлесе өткізілген сенбіліктер тараздықтардың тынысын кеңейтіп, тазалық сақтауды, спортпен айналысуды дәріптеп, қаламызға деген патриоттық сезімді оята түсті.

Тараз-еліміздің рухани астанасы, тарих қойнауынан сыр шертетін, ғасырмен үндесетін қала. 2000 жылдан аса тарихы бар көне қаланың өз тарихи атауын алғанына 25 жыл толып отыр. Әр кезеңде әртүрлі: "Әулиета", "Мирзоян","Жамбыл" болып аталып келген қала 1997 жылы 8 қаңтарда Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен біздің заманымызға дейінгі l ғасырда қытай еңбектерінде жазылған "Тараз" атауына ие болды.
Таразым, туған күніңмен!

Серпін Серікболсын,
Конвергенттік журналистика, 2-курс

Top