"Ғылымды тек жанкештілер жасайды", - деп сөз бастаған Бақытжан Махашев орта ғасырлардағы ғылымның дамуы мен қазіргі таңдағы ғылыми өзгерістерге шолу жасады. «Бүгінгі күні адамдар сауда-саттық, бизнеспен айналысып, тіршілікті күйттеп кетті. Ғылым екінші орынға ысырылып қалғандықтан, әлі күнге дейін қазақ өз техникаларын жасап шығара алмай отыр» дей келе, алақандай телефонға бүкіл әлемді сыйдырып тұрған заманда ғылыми жаңалық ашу өте мәртебелі іс екенін, ұрпаққа, ұлтқа қызмет ету үшін жасалатын бағалы еңбек екенін ашық айтты.
Ғалымдар ғылымға бүкіл өмірін арнауға тиіс, ақшаның, мал-мүліктің соңынан қуып кетпей, қымбат дүниеге жалтақтамай, адам игілігі үшін қызмет жасағанда ғана ғылым шарықтау шегіне жетеді. Ғалымдардың болашақта ғылымның дамуын жастармен байланыстырып, тек өздеріңе үміт артамыз, қоғамдағы бос кеңістікті арзан шоумен емес, ғылыммен толтыруға тиіссіңдер деп, жастарға үлкен сенім білдіретіндіктерін жеткізді. Әсіресе, гуманитарлық ғылым адамның санасымен, ішкі жан-дүниесімен жұмыс жасайтындықтан, гуманистер ғылым саласында басым болуы керектігін насихат қылды.
«Ғалым болмай немене? Балалықты қисаңыз...» демекші, әлемге танылу үшін, тарихта ұлы жаңалықтармен қалу үшін бүгінгі біздер жайбасарлық пен жалқаулыққа бой ұрмай, білім алып, ғылыммен айналысуымыз қажет.
Абуова Ұлжан,
«Конвергенттік журналистика» ББ-ның, 1-курс студенті