«АНАҒА ТАҒЗЫМ» ОРТАЛЫҒЫНА САЯХАТ

Көктем туа қатар келетін қос мереке адам жанына ізгілік сыйлайды. Оның бірі – Алғыс айту күні болса, екіншісі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Аналар мерекесі.

Әр перзент бұл өмірде ең бірінші алғысты анаға айту керек. Баласы үшін бар қиындыққа төзетін аналардың ерлікке пара-пар бейнетінің өтеуін ешнәрсемен қайтара алмайсыз. Университетіміздің «Конвергенттік журналистика» ББ-ның 1-курс студенттерінің кураторы Балмира Мырзабаеваның бастамасымен «Анаға тағзым» орталығына барғанда осыны түсіндік.

Біз бұл орталыққа бірінші рет бардық. Орталық басшысы Эльмира Мырзағали студенттерді ілтипатпен құшақ жая қарсы алды. Бүгінде қаншама қыз-келіншектердің рухани дамуына септігін тигізіп отырған орталықтың әрбір бөлімнің қандай іспен шұғылданатынын таныстырды.

2

Орталықтың айрықша дизайны мен қайталанбас сұлулығына, сонымен қатар мыңдаған әйелдер мен қыздардың осы орталықтан түрлі өнер үйреніп шығатынына таңданысын жасыра алмаған студенттер өз жанынан шыққан өлеңдері мен жырларын паш етіп, ортаға салды. Естелікке суретке түсті.

«Анаға тағзым». Расымен де, атына заты сай: ананың мейірімін, ананың ардақты екенін, ананың жанашырлығын еске түсіреді. Қыз балаларды болашақта асыл ана болуға баулып, ананың отбасындағы орнын түсіндіреді.

3

Орталықта тұлғалардың аналарының портреттері ілініп тұратын арнайы бөлме бар екені қатты қуантты. Бұл көрініске куә болған жас ұрпақ өз анасының да осындай әп-әдемі суреті дәл осы жерде ілініп тұрғанын армандап, сол арманды мақсатқа айналдырып, келешекте анасының мақтанышына айналатын нар тұлға болуға талпынады деген сенімдемін.

Менің «Анаға тағзым» орталығына барған кездегі ішкі ойларым, сезімдерім осындай...

4

Ұлжан Әбуова,

студент.

Top