Жаңа мың жылдыққа ұлы мұратпен қадам басқан еліміздің рухани жаңаруының бастауы – латын негізді жаңа әліпбиде жатыр. Латынға ауысу қазақ тілінің дамуына, халықаралық мәдени-рухани және экономикалық байланыстардың нығаюына және ІТ-технологиялардың дамуына жағдай жасайды. Қазақстанның бүкіләлемдік қауымдастықта аса ықпалды мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін күшті, экономикалық даму динамикасы үнемі өрлеу жолындағы ел болғаны ғана жеткіліксіз болмақ. Сонымен бірге, біз рухани-мәдени және дүниетанымдық тұрғысынан да өркендеуге тиіспіз. Ол үшін өркениеттіліктің ең бірінші сұранысы болып саналатын әліпбиіміз – латын қарпімен болғаны дұрыс.
Әліпбиге реформа жасауды заман талабы, әлемдік өркениеттіліктің заңды үдерісі ретінде қоғам қабылдады. Жаңа әліпбиге көшу ұлтымыздың санасын қайта жаңғыртады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға жол ашады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Еліміздің латын әліпбиіне көшу – ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі», - деген болатын.
Жазуға реформа жасау үшін ең алдымен жазу тарихын білу аса қажет. Қазақтың жазу тарихы көнеден басталады. Елбасының мақаласында қазақтың жазу тарихына терең талдау, сараптама жасалған. Біздің ата-бабаларымыз руналық графикаға негізделген орхон жазуын, араб графикасының түрлі формаларын пайдаланған. Содан кейін біз Ахмет Байтұрсыновтың ұлттық жүйеге негізделген араб графикалы «төте жазуын» қолдандық. Ескі латын негізді графикамен, содан кейін кирилше де жаздық.
Елбасы халқымыздың бұл уақытқа дейінгі қолданып келген әліпбилері туралы тереңнен тарихи дәйектілікпен баяндап келіп былай деді: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманға технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты», — деді. Елбасының тапсырмасымен еліміздегі тіл саласының мамандары тыңғылықты жұмыстар атқарды. Біз латын әліпбиіне көшкен тұста қазақ тілінің тазалығын бірінші орында ұстауға тиіспіз. Бәрімізге белгілі қазақ тілінің дыбысына тән 8 әріп бар. Осы 8 әріп біздің ұлттық кодымыздың кепілі болып саналады. Сондықтан, латын әліпбиіне көшкен тұста қазақша әріптерімізді бұзбай сақтап қалуымыз керек. Ұлы Дала төсінде қазақ халқының қалыптасуының мыңдаған жылдарға созылған дүбірлі тарихы бар. Ендеше, халықтың тілінің қалыптасып, дамуының да осыншама тарихы бар екені баршамызға аян.
Қазақ тілі жазуының латын әліпбиіне көшуі, біріншіден, заман талабы, екіншіден, латын әліпбиі жаһандану үдерісінде өркениетке жол ашып, түркі әлемімен бірігуге негіз болады, үшіншіден тарихтың тәлкегінен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен қазақ халқы үшін латын әліпбиі олардың рухани бірлігі мен дүниетанымының тұтастануына алып келетін бірден-бір сара жол болып саналмақ. Қазақ елі өміршең бастамаларымен түркі халықтарының тарихын, рухани және мәдениетін, әдебиетін, тілін, ділін жан-жақты, тереңдетіп зерттеу де айырықша сүбелі жұмыстар жасап жатыр. Тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ халқы ұлттық мәдениет құндылықтарын жаңғыртып, ұлттық тілінің тарихын, қайнар-көздерін іздестіруде. Әлемдегі жаһандану процесіне сәйкес түркі елдері де өздерінің ұлттық тарихының түп негізін тереңінен зерттеп, өзара бірігу үрдісі де күшейе түсуде.
Әлемде 200-ден астам мемлекетте әртүрлі ұлттар мен ұлыстар өмір сүреді. Олар түрлі дінде, өзгеше бір-бірінен ажыратылып тұратын тілде сөйлейді. Бұл - заңды құбылыс. Ол жөнінде «Құран Кәрімде» де айтылған. Түрлі дін және тілді бергенде адамзат баласы бір-бірінен ажыратылып тұрсын делінген.
Қазіргі заманда әлем бойынша мойындалған және БҰҰ-да тіркелген 6 тіл бар. Олар: ағылшын, француз, араб, қытай, орыс және испан тілдері. Бұл тілдер жер шарының мемлекеттеріне кең таралған.
Бүгінгі күні жаһандану заманында ақпарат алмасудың және технологияның тілі ағылшынға басымдық беріліп отыр. Өйткені, әлемге кең таралған ағылшын тілі көп қолданысқа ие екендігі белгілі. Яғни, ағылшын тілінің бүкіл әлем бойынша ортақ түсінісетін, ақпарат пен технологияны дамытуда үлкен артықшылығы бар.
Осы ағылшын тілінің өзі түп төркіні және бастаулары көне грек, римдегі латын алфавитінен бастау алғаны тарихтан белгілі. Кейін ағылшын тіліндегі алфавит ретінде кеңінен қолданысқа енді.
Енді, осындай жаһандану жағдайында Қазақстан Республикасы әлемдегі дамыған мемлекеттердің көшінен қалмау үшін және бүкіл дүниежүзілік ақпарат пен технологияның, білім мен ғылымның кеңістігіне енуі үшін аса қажет латын алфавитін үйрену, меңгеруі және сол алфавитте жазуға көшуге қадам жасауы заман талабынан туындап отыр.
Жаңа әліпби бізге ұлттық құндылықтарды, рухани байлығымызды, рухани мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді сақтап ары қарай дамытуға себепші болады. Біз өз тарапымыздан латын әліпбиінің артықшылықтарын халыққа кеңінен таныстыра отырып, бүгінде ішкі саясатымыздағы басты жетістігіміз азаматтық қағидаларға негізделген қазақстандық бірегейлікті нығайтудың және дамытудың жолдарын көрсете аламыз. Ұлттық мұрат негізінде қоғамды ұйыстырып, әлеуметтік бірлікті нығайту кез келген көп ұлттық мемлекеттің қоғамдық өмірінің күрделі жақтарының бірі болып табылады.
Сондықтан, Мәңгілік Ел мұратына ұмтылған Қазақстан халқының ұлттық кодының негізі саналатын рухани жаңғырудың көрінісі жаңа әліпбиді пайдалану – еліміздің әлемдегі өркениетті мемлекеттердің қатарынан табылуының кепілі болып саналады.
Ғ.Т.Абдыханова – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы