Мәскеулік мамандардың қатысуымен өткен мастер класста облыстық орыс драма театырының директоры Ақылдос Тажиев сөз сөйлеп ашып, театыр мамандары мен актерлерінің кәсіби өсіп, шыңдалуы үшін үнемі жаңашылдыққа баратындарына, Мәскеу мен Өзбекстаннан, Астана мен Алматыдан режиссерлер шақырту жұмыстары үздіксіз жалғасып жатқанына, сондай ғажайып сәтке бүгінде куә болып отырғанымызға тоқталып, келген қонақтармен таныстырды.
Бұдан соң Ресейден келген белгілі режиссер Петр Норец сөз алып, «Шутники» драмасының астарлы, ащы әзіл мен трагедияға қатар құрылғанын, бұрын-соңды біздің еліміздегі театрлардың ешқайсысында қойылмағанын, бұл спектакльді жамбылдық орыс драма театрымен бірлесе сахыналау қызықты әрі жауапты жұмыс екеніне тоқталып өтті.
Бізге дыбыс ырғағының актерлер мен режиссерлерге тигізетін әсері мен маңызын түсіндіріп қана қоймай, түрлі жаттығулар көрсетті. Драма театрының көркемдік жетекші режиссері өзіндік жаңаша бағытта жұмыс істеуде. Оның театрындағы актерлер тек пьесаның мәтінін ғана айтып қоймай, сонымен қоса түрлі дыбыстардың мәнерімен жұмыс жасайды. Бізде театрларда темпоритм мен ырғақ деген түсініктер бар.
Дәріс уақытында Петр Норец өзін таныстыра отырып, режиссураның күрделі мамандық екендігін және өзі осы мамандыққа қалай келгендігін сабақ барысында айтып өтті. Оның спектакльдерін видео материалдар арқылы көріп, талдадық. Маған оның тәжірибесінен ұнағаны дәрісін «Театр не үшін керек?» деген барлық адам қоятын қарапайым сұрақтан басталғаны. Себебі бұл сұраққа әркім өзінше жауап табады. Мысалы, біреулер «Рухани даму үшін» десе, енді біреулері «Салт дәстүрімізді сақтап қалу үшін» деді, басқалары «Біз робот болып қалмас үшін» деген түрлі нұсқалы жауаптар айтылды. Расымен де дамыған XXI ғасырда интернет, компьютер, көптеген техникалар барда театр не үшін керек? Осы сұраққа жауап іздеу арқылы көптеген тұжырымдар жасайсың. Сол сияқты сұрақтар қою арқылы жалпы театр, режиссура, актер шеберлігі бойынша көптеген күрделі өнер түрлерін жүйелеп, өздігімізден ой қорытындыладық.