ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ – НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ

2021 жылдың 21 наурыз күні «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағында өткен қалалық Наурыз мерекесінде М.Х.Дулати қазақ үйінің сахнасында «Мәдениет және өнер» кафедрасының ұйымдастыруымен жаңадан дүниеге келген нәрестеге ат қою, бесікке салу салттары бойынша сахналық қойылымдар көрсетілді. Көрініске «Мәдениет және өнер» кафедрасының оқытушылары мен студенттер қатысты.

Ат қою - жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Жастардың әке-шешесі, ата-әжесі тірі болған жағдайда сәбиге атты солар қояды.

Бесікке салу — нәрестені алғаш бесікке бөлеу рәсімі. Бесікке саларға шақырылған ауыл-үйдің әйелдері шашуын, жол-жоралғысын ала келеді. Баланы алғашқы бөлеу үлгілі ұрпақ өсірген қадірменді әйелге тапсырылады. Ол өзінен басқа тағы бір-екі келіншектің көмегімен бесікті жабдықтайды, сәбидің әжесі не шешесі түбектің тесігінен балаларға тәтті үлестіреді. Осыдан кейін бесікті отпен аластап, баланы бөлейді. Бесікке салған әйелдерге көйлек, жаулық сияқты сый тартылады. Үлкендер батасын беріп, баланың ер жетуіне, ананың үбірлі-шүбірлі болуына тілектестік білдіреді. Және Бесік жыры айтылады.

Мақсаты: Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киіп бір–бірімен қол алысып, амандасып төс қағыстырып жақсы тілектер айтылады. Мерекеге арнап жеті түрлі дәннен наурыз көже дайындалады. Осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып арылады.

Top