Қазақстан жастарының ғылымдағы серпіні – біздің болашағымыз

Студенттердің  ғылыми-зерттеу жұмысы кең мағынада бұрыннан бар білімді кеңейтуге, жаңа мәліметтер алуға, бар ғылыми болжамдарды тексеруге және табиғат пен қоғамдағы жаңа заңдылықтарды, құбылыстарды анықтауға бағытталған іс-әрекет және оның нәтижесі болып табылады. Сондықтан бұл үрдіс студенттің университеттегі оқу жұмысын және рефераттар мен курстық жұмыстарды дайындауды ғана емес, сонымен қатар оның ғылыми үйірмелердегі, конференциялардағы сабақтан тыс жұмыстарын қамтиды.

«Техникалық физика» кафедрасы белгілі бір бағыттағы мамандарды ғана емес, ғылыми қызметке кадрларды да дайындауды мақсат етеді.

25 қараша күні М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Ақпараттық технологиялар факультетінің «Техникалық физика»  кафедрасы мен «Квант» студенттердің ғылыми үйірмесінің ұйымдастыруымен  облыстық, қалалық орта және арнаулы орта білім орындарының  оқушыларының қатысуымен  10-қараша «Бейбітшілік пен Даму үшін Ғылым күніне» арналған «Қазақстан жастарының  ғылымдағы серпіні – біздің болашағымыз»  атты  конференция өтті. Конференция жұмысына ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің маманы Тыртычко С.И., Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы п.ғ.к., доцент  Муратова Г.И. қатысып, студенттер мен мектеп оқушыларының зерттеу жұмыстары туралы өз ойларымен бөлісті.

Конференцияда кафедра студенттері мен мектеп оқушыларының үздік ғылыми жұмыстары көрсетіліп, баяндамалар тыңдалды. Соның ішінде «Квант» үйірмесінің мүшелері Жорабек Айдархан, Түзелбек Ажар (3 курс), Жәнібек Рамазан (2 курс) өздерінің жасаған қондырғыларының көмегімен ғылыми-зерттеу жұмыстарын көрнекі түрде баяндап көрсетіп, қатысушылардың алғысын алды.

Көрсетілген жұмыстар мен  онда қозғалған мәселелер өзекті болып, конференцияға қатысушыларының арасында үлкен қызығушылық тудырды. Ең үздік жұмыстар ерекше аталып, марапатталды:  №45 гимназияның 10 сынып  оқушысы Сүлеймен Дәуренге  (жетекшісі: Өтегенова Гүлнар –  физика пәнінің мұғалімі) мен Ы. Алтынсарин атындағы №49 мектеп – гимназияның оқушысы Телғараев Абылай Рәтбекұлына (жетекшісі: Туралиева Асима Еркебаевна – физика пәнінің мұғалімі) кафедра профессоры Ж. Абдулла және меңгерушісі Кейкиманова М.Т. өз аттарынан сыйақы тағайындап, тапсырды. Кафедра доценты Е. А. Ерубаев студенттер мен оқушылардың зерттеу жұмыстарына өз бағасын бере отырып, №43 орта мектептің 11-сынып оқушысы Жартыбек Даринаның алғырлығын тілге дәйек ете отырып, болашақта ғылыми жұмысын университет қабырғасында жалғастыруға  кеңес берді. Конференция жұмысына қатысқан барлық оқушыларға сертификат табысталды.

Top