25 қараша күні М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Ақпараттық технологиялар факультетінің «Техникалық физика» кафедрасы мен «Квант» студенттердің ғылыми үйірмесінің ұйымдастыруымен облыстық, қалалық орта және арнаулы орта білім орындарының оқушыларының қатысуымен 10-қараша «Бейбітшілік пен Даму үшін Ғылым күніне» арналған «Қазақстан жастарының ғылымдағы серпіні – біздің болашағымыз» атты конференция өтті. Конференция жұмысына ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің маманы Тыртычко С.И., Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы п.ғ.к., доцент Муратова Г.И. қатысып, студенттер мен мектеп оқушыларының зерттеу жұмыстары туралы өз ойларымен бөлісті.
Конференцияда кафедра студенттері мен мектеп оқушыларының үздік ғылыми жұмыстары көрсетіліп, баяндамалар тыңдалды. Соның ішінде «Квант» үйірмесінің мүшелері Жорабек Айдархан, Түзелбек Ажар (3 курс), Жәнібек Рамазан (2 курс) өздерінің жасаған қондырғыларының көмегімен ғылыми-зерттеу жұмыстарын көрнекі түрде баяндап көрсетіп, қатысушылардың алғысын алды.
Көрсетілген жұмыстар мен онда қозғалған мәселелер өзекті болып, конференцияға қатысушыларының арасында үлкен қызығушылық тудырды. Ең үздік жұмыстар ерекше аталып, марапатталды: №45 гимназияның 10 сынып оқушысы Сүлеймен Дәуренге (жетекшісі: Өтегенова Гүлнар – физика пәнінің мұғалімі) мен Ы. Алтынсарин атындағы №49 мектеп – гимназияның оқушысы Телғараев Абылай Рәтбекұлына (жетекшісі: Туралиева Асима Еркебаевна – физика пәнінің мұғалімі) кафедра профессоры Ж. Абдулла және меңгерушісі Кейкиманова М.Т. өз аттарынан сыйақы тағайындап, тапсырды. Кафедра доценты Е. А. Ерубаев студенттер мен оқушылардың зерттеу жұмыстарына өз бағасын бере отырып, №43 орта мектептің 11-сынып оқушысы Жартыбек Даринаның алғырлығын тілге дәйек ете отырып, болашақта ғылыми жұмысын университет қабырғасында жалғастыруға кеңес берді. Конференция жұмысына қатысқан барлық оқушыларға сертификат табысталды.