Дулати университеті қашықтықтан оқыту режимінде жүйелі жұмысты жүргізіп жатыр. Ал жатақханадағы жағдай қалай? Сол туралы аз-кем сөз қозғап, шолу жасасақ.
Бүгінгі таңда университетіміздің №1 және №2 жатақханаларында барлығы 156 студент тұрып жатыр. Студенттер үйінде дезинфекциялық жұмыстар үздіксіз жүргізіледі. Есік тұтқаларына дезинфекцияланған дәке оралған, олар жиі ауыстырылып тұрады. Бөлмелерді жиі желдетіп, тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізілуі қатаң қадағаланады. Жатақхана тұрғындары, яғни студенттер себепсіз сыртқа шығарылмайды. Дүкен мен дәріханаға тек рұқсатпен барып келеді. Ішке де себепсіз сырттан адам кіре алмайды.
Ал енді осындай қатаң қадағалаудағы жастар уақытын қалай өткізеді деген сауал туындайды. Ең алдымен айтарымыз, студенттер үздіксіз қашықтықтан білім алуын жалғастыруда. Осы орайда жатақханада тегін Wi-Fi интернет желісі қосылғанын айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ, жастар спорт залда теннис ойнап, спортпен шұғылданады. Асхана әдеттегідей жұмысын жүргізіп, азық-түлікпен қамтамасыз етуде.
«Сақтықта қорлық жоқ» деп дана халқымыз айтқандай, сақтық шаралары ешқашан артық болмайды. Тазалық – денсаулық кепілі. Бүгінгі таңдағы ауыртпашылықты бәріміз бірге тәртіп пен сақтық шараларын бұлжытпай орындай отырып жеңеміз.
Дулати университетінің
медиа-қызметі