Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаларға сәйкес Конституцияға қандай өзгерістер енгізу ұсынылып отырғандығынан тұрғындар толық хабардар болуы тиіс. Сонда ғана қоғамда кереғар пікір туындамайды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры, облыстық референдумды қолдау тобының мүшесі Талғат Ешенқұлов «Қазпошта» АҚ-ның өңірлік филиалының қызметкерлерімен кездесуде осыны айтты.
Кездесуде Талғат Ілиясұлы 5 маусымда өтетін республикалық референдумға дайындық пен ұсынылып отырған өзгерістерге тоқталды. Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістермен таныстырып, референдумда азаматтық белсенділігін таныту – ел азаматтарының міндеті екенін атап өтті.
– Жалпы Ата Заңдағы 98 баптың 33-іне өзгерту ұсынылып отыр. Бұл елдегі саяси реформаларға құқықтық негіз береді. Өзгеріс өзімізге керек. Конституциямызға енгізілетін өзгерістерді бекіту үшін өтетін референдумның мәні мен маңызы осында. Елдегі реформаларға құқықтық негіз болатын өзгерістер халық талқысына салынып отыр. Ендеше, оны қолдап, дауыс беру – елге жүктелген жауапкершілік. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құжаты – Конституциясы, - деді Талғат Ілиясұлы байланыс саласының қызметкерлерімен кездесуде.
Жиын соңында спикер «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының қызметкерлері 5 маусымда референдумға қатысып, ел ертеңі үшін таңдау жасауға шақырды.