БІЗДІҢ КҮШІМІЗ БІРЛІКТЕ, ЖАСТАР!

Елден тыныштық кетсе, жұрттың берекесі қашатынын осы соңғы күндерде анық көзіміз жетті. Елдегі ахуалға байланысты Тараз қаласында да шектеу шаралары енгізілгені белгілі. Бұл террорлық актіге қатысы барларларды тұқыртуға бағытталған шешім болғандықтан, біз, әрқайсымыз ортақ талапты сақтауымыз керек. Бейбіт күнде ата-анамыз, бауырларымыз, жақындарымыз бұрынғыдай бейқам өмір сүруі үшін дәл осы кезеңде баршамыз тәртіпке бағынуға тиіспіз.

Басбұзарлардың жолына қазірден тосқауыл қойылмаса, күні ертең бұл жағдай қайталанбасына кім кепіл?! Коменданттық сағат режимінің енгізілгені де содан. Жаңаөзен жұрты ортақ талаптарын айтып, алаңға шыққан алғашқы күннен-ақ қоғам белсенділері жастарға «арандап қалмауды» мықтап ескертті. Көпшілік ортаға бұзық пиғылдылардың араласып кетпеуіне алаңдаумен отырды. Бұл қауіп бекер емес екен. Бейбіт халықтың тілеуін теріс пиғылдылар ақыры бұзып тынды.

Әлеуметтік желіде жастар туралы да түрлі қауесет тарады. Елдегі жағдайды БАҚ құралдары дәйекті жеткізуде. Соның барлығын біз қаперге алып, тек ресми ақпараттарға сенім артқанымыз дұрыс. Бірақ, біз, жастар – елдің ертеңгі болашағы ретінде қазірден жұдырықша жұмылып бір болуымыз керек. Еліміздің сан аймағынан еріктілер жиналып, қоғамдық жұмыстарға араласып кетті.

Ел короновирус індетімен алысып жатқан тұста күтпеген жерден лап қойған лаңкестік топтың әрекеті баршамыздың арқамызға батты. Бұл тұрақтылық пен келісімді сақтап, мамыражай өмір сүріп жатқан халқымыздың басына түскен үлкен нәубет екені де даусыз. Қазір мемлекетіміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуде атап көрсеткендей, лаңкестерді құрықтауға үлкен күш жұмылдырылып отыр. Террористерді құрықтау шараларына байланысты, кейбір байланыс түрлері шектелгендіктен еліміздегі әр тұрғынның жеке нөміріне туған-туыстарымен хабар алмасу үшін бонустар берілді. Kaspi.kz қосымшасы да жұмыс істеп тұр. Қаладағы дүкендерде азық-түлік қоры жеткілікті.

Қазір жұрттың тілегі  - елде тыныштықтың қайта орнауы. Біз бұған баршамыз атсалысуымыз керек. Әсіресе, комендаттық сағатты сақтай отырып, ауызбіршілігімізді көрсетуге, біз жастар мүдделі болуымыз қажет.

Сапарбай КЕРІМБАЙ,

М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетінің Жас Отан жастар қанатының бөлімше орынбасары

Прочитано 1013 раз
Top