БЕЙБІТ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

Алыс-жақын шет елдердегі орын алған қызылды-жасылды төңкерістердің салдарының қарапайым халық үшін қаншалықты ауыр соққанын баршамыз білеміз. Халықтың бейбіт үнін, ортақ талап-тілек білдіріп, ұйысуын басбұзарлардың өз пайдасына шешіп кеткенін көріп, қатты қынжылдық. Өз қалаңда, өз еліңде көшеде еркін басып жүре алмаудың қандай қиын екенін түсіндік. Теріс пиғылдылардың әрекетінен бейқам тыныштығымызды қашырды. Ал оның соңы қандай әлеуметтік кедергілерге әкеліп соққанын бәріміз көрдік.

Ел ішіне іріткі салғандардың іс-әрекетін жеңіл саралауға болмайды. Бұл түптеп келгенде мемлекетіміздің тәуелсіздігіне қауіп төндірді. Террорлық әрекеттерден бейбіт халық көп зардап шекті. Қазір мемлекетімізде Конституцияға сәйкес заңдылық пен тәртіп орнату мақсатында ауқымды әрі күрделі жұмыстар атқарылып жатқандығы баршамызға мәлім. Ең бірінші кезекте ел тұтастығын, тұрақтылығын сақтау аса маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде бейбіт шеруде қойылған талаптардың бәрі ескерілетіндігін және диалогтың нәтижесінде компромиске келіп, өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша шешімдер қабылданатындығын жеткізді.

Қазір елімізде төтенше жағдай жарияланды. Барлық өңірлердегідей біздің қаламызда  комменданттық шектеулер енгізілген. Бұл біреудің құқығын шектеу емес, керісінше әрбір тұрғынның конституциялық құқықтарын қорғап, тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қадам. Біз, жастар, арандату мен түрлі ұрандарға ермей, заңға және өз елімізге деген адалдықты сақтауға күш салуымыз қажет. Себебі, бейбіт елдің ғана болашағы жарқын. Ауыр кезеңде қара жамылған қазақ елінің күші - бірлікте. Халқымыз аман, ел іргесі тыныш болсын!

Әлихан Наргеев,

М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетінің студенті.

Прочитано 1014 раз
Top