АШЫҚ ЕСІК КҮНІ АЯСЫНДА

Күні кеше гидро кешен маңында орналасқан №2 жатақханада ашық есік күні өтті. Студенттердің жай-күйімен, тыныс-тіршілігімен танысып, жағдайларын біліп, студенттермен еркін әңгіме құруды мақсат еткен бұл кеште профессор-оқытушылар құрамымен қатар, бөлім басшылары да табылды.
Университет басшысы мен оқытушылар жатақхананы аралап, тұрмысымен танысты, студенттермен  тілдесіп, әңгімелесті де.
№ 2 жатақханада әдетте Су шаруашылығы, экология және құрылыс, Мұнай, газ және механика мен Заң факультетінің студенттері тұрады. Осы мамандықтың студенттері келген қонақтарға өз өнерлерін көрсетті. Олар ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай әдеби-сазды кеш ұйымдастырды.
Кеш басталмас бұрын универститет ректоры Махметғали Сарыбеков қысқы демалыстан оралған жастарға, жаңа оқу семестріне сәттілік тіледі.
– Жастарымыз өз тарихын, өткенін білу керек. Тарихын білмеген елдің болашағы беймәлім. Тарихты тұлғалар жасайды. Сондай ұлы тұлғаның бірі – Абай. Осындай тақырыпта кеш ұйымдастырған жастарымызға алғыс айтамын, - деген университет басшысы студенттік кеңес мүшелерімен де кездесетінін жеткізді.
Әдеби кеш түркмен ұлты жастарының ән-шашуымен басталды. Олар гитараның сүйемелдеуімен  өз тілінде Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін әсем орындап шықты. Одан кейін әр ұлт өкілдерінің студенттері ақынның шығармаларын ағылшын, өзбек, түркмен тілдерінде оқыды.
Көпшіліктің көңілінен шығып, терең ойға батырған Мәдени тынығу мамандығы студенттерінің орындауындағы «Хәкім Абай» қойылымы болды. Бұл қойылымда ақынның өлеңдері, қара сөздерімен қатар, әуезді әндері орындалды. Абай мен Тоғжан арасындағы кіршіксіз, асқақ, пәк махаббатын жеткізген эпизодта  көрермен демін ішке тартып, бар ықыласымен тамашалады. Қойылымды дарынды жастарымыз  шеберлікпен орындап шықты.
Әдеби-сазды кештің арнайы қонағы абайтанушы Рахат Саламатова Абай Құнанбайұлының шығармаларынан үзінді келтіре отырып, оның мән-мағынасына тереңнен шолу жасады. Ақынды «Терең ойдың алдаспаны» деп,  Абайдың шығармаларын дайындықпен оқу керегін айтты. Сөзінің соңында Абай атамыздың толық адам бақытын жастарымызға нәсіп етсін деген тілегін  білдірді.
Кеш «Желсіз түнде жарық ай» әнімен әрлене түсті. Жатақханамызда тұратын түркмен ұлтының жастары ән-шашумен қатар, ұлттық аспаптарында музыкалық туындыларын орындап, билерін тарту етті.
Су шаруашылығы, экология және құрылыс факультетінің деканы Нұрлан Омарәліұлы келген қонақтарға алғыс білдіріп, ақынның өлеңдер жинағын тарту етті. Өнер көрсетіп, көрерменге рухани демалыс сыйлаған студенттерді алғыс хатпен марапаттады.
Ашық есік күні аясындағы кездесу мен әдеби-сазды кеш жоғары деңгейде өтті. Келесі кездесу №1 студенттер үйінде өтпек.

DSC 4407   DSC 4436

DSC 4516   DSC 4522

DSC 4620

 

Медиа-қызмет

Прочитано 2261 раз
Top