8 НАУРЫЗ - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІН ҚҰТТЫ БОЛСЫН

АНАЛАРҒА ТАҒЗЫМ

Екі елді елдестіріп жақындастыратын, ұрпақ өрбітіп, шуағын шашатын, нұрын сеуіп, кең даланы әсем әуенге бөлейтін, бұлбұл құс ұялатып, тіршілік нәрімен сусындататын ол – Ана. Біздің өмірге келген күніміз, алғашқы қадамдар мен қызықтарымыз, бақытты балалық шағымыз, деніміздің саулығы, басымыздың амандығы, алғашқы қуанышты сәттеріміз, біздің жеткен жетістігіміз, алған асуымыз, шыққан биік шыңымыз үшін, аналарға қандай алғыс айтсақ та, қандай құрмет көрсетсек те, аздық етері сөзсіз. «Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» деп, баласы үшін жан алысып, жан берісетін ананың еңбегі қашанда болмасын, қандай құрметке де лайық.

Сондықтан ақ жаулықты аналарды, әжелерді, әпке-жеңгелерді, сіңлілерді, құрбы-құрдастарды көктемнің жайма-шуақ мерекесі 8- Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтай отырып, Төлеген Айбергеновтың мына бір өлең жолдарын арнағым келеді.

Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем?

Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен.

Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,

Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.

Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,

Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.

Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,

Әркез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.

Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,

Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,

Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.

Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,

Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы!

Айжан Найзақұлова,

Жаратылыс ғылымдарының магистрі

АРУЛАР-АСЫЛ ЖАНДАР

Көктемнің алғашқы шуақты мерекелерінің бірі Халықаралық әйелдер күні – ақ жаулықты апалар, ардақты аналар, аяулы қыздардың мерекесіне санаулы ғана күн қалды. Мереке иелері әйелдер қауымы-бойына мейірім, жылулық, махаббат пен ізгілікті дарыта білген дара жандар. Сондықтан көктерінен күн, құшақтарынан гүл, өмірлерінен күлкі кетпеуін тілеген көпшілік аяулы жандарға  гүл сыйлап, ерекше құрметке бөлеп, жылы сөздерін арнайды. Үлкен әжелеріміз бен аналарымыздың өз туған күнін осы мерекемен қатар атап өтуі де өмірімізге әбден ендеп кеткен үрдіс болды. Дегенмен мерекені дүбірлетіп атап өтсек те, осы күннің шығу тарихын көбіне біле бермейміз. Деректерге сүйенер болсақ, бұл мерекенің бірнеше шығу себептері аталады екен. Оның біріншісі- «Әйелдердің құқығы үшін күресу күні» болғандығы туралы  ресми нұсқа.

Бұл нұсқа бойынша тарихта әйелдердің теңқұқықтық пен эмансипация жолындағы күресінде ынтымақтастық күні ретінде пайда болған бұл күннің тарихы сонау 1857 жылдан басталады. Сол жылы 8-наурызда Нью-Йоркте тоқыма фабрикаларының жұмысшы әйелдері бас көтеріп, шеруге шығады. Наразылық акциясын бастаған әйелдер 10 сағаттық жұмыс күнін, жалақыны ерлердің айлығымен теңестіруді талап етіп, өз құқықтары үшін алғаш рет көшеге шығып күрескен екен. Жұмысшы әйелдердің жанайқайынан кейін алғашқы әйелдер кәсіподағы құрылады.  1909 жылы Американың Социалистік партиясы ұлттық әйелдер күнін жариялайды да, бұл күн ақпанның соңғы жексенбісінде мерекеленіп келген екен.

1910 жылы Копенгагенде екінші Халықаралық социалист әйелдердің конференциясы өтеді. Онда неміс коммунисі Клара Цеткин қоғам назарын әйелдер проблемасына аударып, халықаралық әйелдер күнін бекітуді ұсынады. Халықаралық әйелдер күнінің пайда болу тарихы жайлы сөз қозғалғанда, міндетті түрде Клара Цеткиннің есімі аталатыны да осыдан болса керек.

Тарихқа назар салсақ, 1911 жылдан бастап бірқатар елдің нәзік жандары Халықаралық әйелдер күні митинг ұйымдастырып, гендерлік теңсіздікті жоюды талап ететін болған. Халықаралық әйелдер күні бірнеше жыл бойы әр елде әртүрлі мезгілде аталып келген. Біздің елімізде алғашында бұл мереке «Халықаралық еңбекші әйелдердің құқықтарын қорғау күні» болып аталса, 1921 жылдан бастап КСРО-ның ресми мейрамдарының қатарына қосылған.

Екінші нұсқа бойынша тарихшылар мерекенің шығу себебін  еврей ханшайымын мадақтаумен байланыстырады. Аңызға сүйенсек, Персия билеушісі Ксеркстің сүйіктісі Эсфир өз сиқырымен еврей xалқын жойылудан сақтап қалған екен. Ксеркс барлық еврейлерді өлтірмекші болғанда, Эсфир оны еврей xалқын аман алып қалуға ғана емес, олардың барлық жауларын, тіпті Персиялықтардың өздерін қырып тастауға итермелеген. Бұл оқиға еврей күнтізбесі бойынша 13-Ард күні (бұл ай ақпанның соңы мен наурыздың басына сәйкес келеді) орын алған. Эсфирді мадақтап, еврейлер Пурим мерекесін тойлай бастаған.  Бастапқыда мейрамның уақыты ауыспалы болғанмен, 1910 жылы дәл 8-наурыз күніне сәйкес өткізілген екен.

Тарихи дерек  Біріккен ұлттар ұйымы 1975 жылды – Халықаралық әйелдер жылы деп жариялап, 8 - наурызды ресми түрде мереке етіп бекіткенін дәлелдейді. Батыс елдерінде, осы күні Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулыларына (БҰҰ) сәйкес, Әйелдер құқықтары үшін Халықаралық күрес күніне және Халықаралық Бейбітшілік ретінде белгіленген.

Содан бері 8 Наурыз - әлемнің көптеген елдерінде Халықаралық әйелдер күні болып белгіленген. Бүгінгі таңда 8-Наурыз мерекесі Қазақстанмен қоса барлық посткеңестік мемлекеттерде тойланады. Қазақстанда бұл күн - мереке және демалыс күні. Әзірбайжан, Грузия, Қырғыз Республикасы, Молдавия, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина, Беларусь елдерінде Әйелдер күні ретінде аталып өтсе, Армения мен Өзбекстанда Аналар күні болып саналады. 

Азаттық үшін қозғалыс Батыста пайда болғанына қарамастан, қазіргі кезеңде, бұл мереке посткеңестік елдердегі тойлануына қарағанда айтарлықтай үлкен мағынаны білдірмейді. Бұл күн - барлық әйелдердің күні және махаббат, сұлулық пен мейірімділіктің шырқалатын кезі. Соңғы кездері осы мерекені тойлауға қарсы көзқарастар көрініп қалатын болды. Олардың уәжі-мерекенің батыстан келуі, алғашқы саяси мазмұны. Меніңше, бұл - жаңсақ пікір, бүгінде бұл мереке өзінің алғашқы саяси мәнін жоғалтқан.

Негізі, әйел атаулыға сыйлық сыйлап, көңілдерін қуанту үшін бір күннің болуы міндетті емес, әрине. Себебі, әйелдер әр күні бақытты болуға лайықты емес пе?! Сұлулық пен нәзіктікті, қажыр мен қайсарлықты бiр бойына жинаған арулардың мейрамы күлiмдеген көктеммен қатар келедi. Бұл мейрамның көктеммен қатар келу себебі, ана – өмiрдiң алтын дiңгегi, бар адамзатқа өмiр сыйлаушы. Ал көктемде табиғат ана қайта құлпырып, айналасына шуақ шашады емес пе?! Cондықтан  арнайы тағы бір күні аналарымызды ардақтап жатсақ,оның несі артық! Осыған орай, біздің Дулати университетінің аяулы жандарын Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймын! Мен олардың әрқашан әдемі, ақылды және өз ісінің кәсіби шебері болуын қалаймын.

Құрметті аяулы арулар! Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, денсаулық, сұлулық, бақыт, қуаныш тілеймін! Әрқашан мына өмірге сән беріп, жылу таратып, мейірім төгіп, шуақ шашып тұрғандарыңыз үшін Сіздер қашанда өздеріңіздің сыйлы, сүйікті, қадірлі екендеріңізді, Сіздерсіз мына дүние бос екенін ұмытпаңыздар!

Күлзинат Қарымбаева ф.ғ.к., доцент,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті,

Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеті

«Филология және журналистика» кафедрасының меңгерушісі

Прочитано 1431 раз
Top