ЖАМБЫЛ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ: ДАРАЛЫҚ ПЕН ДАНАЛЫҚ

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Ұстаз» институтында «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының ұйымдастыруымен рухани жаңғыру бағдарламасының аясында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Жамбыл шығармашылығы: даралық пен даналық» атты республикалық вебинар өтті.

Жамбыл мұрасының ерекшеліктерін насихаттай келе, ақынның тұлғалық әрі шығармашылық табиғатын айқындай түсуді мақсат еткен республикалық вебинар өз діттеген межесін бағындырды. Ақын болмысындағы даралық пен даналық атты қос ұғымның мәнін ашып, Жамбыл шығармашылығындағы ұлттық тәрбиені, рухани қоректі анықтап, ұғынуға сеп болды. Мерейтой қарсаңында өткен игілікті шараның өтуіне «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Абдықадырова Тұрсынай Рыстайқызы мұрындық болды. Вебинар барысында жыр алыбы, қазақ халқының ұлы перзенті Жамбыл Жабаев туралы кафедра меңгерушісі санаға сәуле себер тың деректермен бөлісті. Жыр дарабозының даңғыл болмысы турасында тарихи тағылымымен бөлісу үшін республика өңірінің түкпір – түкпірінен профессор – оқытушылар қатысып, ойларын ортаға салды.

«Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар. Шырғалаңнан сөз келсе, шырқаушының өзі болар екенсің» деп Бөлтіріктен бата алған Жамбыл турасында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры ф.ғ.д. Үсен Айгүл Әбдімүтәліпқызы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры ф.ғ.д. Ержанова Сәуле Баймырзақызы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Саламатова Рахат Маханбетжанқызы сөз алып, спикер болды. ХХІ ғасырдың ГОМЕРІ атанған жыл алыбы – Жамбыл ақынның 175 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық вебинар барысында «Dulati» университеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау» мамандығының  1 – курс магистранттары Нұртай Айдана Қанатқызы мен Асылдин Алия Ерланқызы Жамбылдың даралығы мен даналығы турасында өз көзқарасын білдірді.

Алаш үшін жақұттан да қымбат, шығармашылығының шоқтығы саф Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына «Еуразия гуманитарлық институтының» профессор – оқытушылары Карипжанова Гульназ Токеновна, Абикенов Мукит Токенович,Жусупова Гульназ Куандыковна,Фейсбукке жазамыз, Искакова Жазира Максутовна, Аскарова Алтынай Шауалиевна, Райнбекова Гульмира Сайлаубаевна қатысты.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының ПОҚ, магистранттар мен студенттердің қатысуымен өткен республикалық вебинар барысы сан қырлы ақын болмысының құпия сырларын ашумен өрбіді. Сыр мен сұхбатқа ұласып әрі ақын өлеңдері оқылып өткен шара қатысушылар үшін рухани азық болғандығы сөзсіз. Нәтижесінде, республикалық вебинардың әуелдегі мақсаты өз мәресіне жетті деуге толық негіз бар.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы

Прочитано 1514 раз
Top