РУХАНИ АЗЫҚ БОЛАР КОНФЕРЕНЦИЯ

Университетімізде Ted-X форматында «Ózińnen BASTA» тақырыбында конференция өтті. Қатысушы спикерлер алдын ала дайындалған тақырыптар бойынша өз ойларын ортаға салып, жас ұрпақтың саналы да сауатты болып қалыптасуы үшін, қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, шешу жолдарын ұсынды. Жиынға төрт спикер қатысты.

Алғашқы спикер  Нұрақбаев Ринат Даниярұлы – облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы, «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі. Ринат Даниярұлы «Жауапкершілік – ардың ісі» деген тақырыпта ой қозғады. «Ары мен жаны таза азамат қана ұлтына адал қызмет ете алады. Заманның күн өткен сайын дамып жатқаны белгілі, бірақ ұлттық болмысымыз бен мәдениетімізді ештеңеге алмастырмауымыз керек. Ғасырдан сұрыпталып жеткен ұлы құндылықтарымызды сақтау, жастарға жеткізу міндетіміз. Әр азамат жауапкершілік деген ұғымның маңызды екенін білер болса, ары да жаны да таза ұрпақты тәрбиелей аламыз»- деп тарих пен бүгінгі күннің болашығы туралы ойын айтып, пікірін білдірді.

Келесі спикер «Жамбыл-Тараз» газетінің директор-бас редакторы, Тараз қалалық мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрайымы – Мырза-Ғали Эльмира Иниятқызы «Өзгенің ала жібін аттама» деген тақырыпта рухани азық болар ойлы сөздерін жастар мен көрермендерге жеткізе білді. «Өзіне адал болмаса, адам өзін жоғалтады. Әр ісімізден рақат алмасақ, оған адал болмасақ атқан таң мен кешіміздің батқанына қуана алмасақ өмірдің бекер өткені болады» деп арманына жетуде жасаған еңбектерін тілге тиік ете отырып, өмірлік азық болар рухани әңгімесімен бөлісті.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Айбек Қанатұлы, университетіміздің «Jas Otan» JQ бөлімше жетекшісі Дәурен Дастанұлы да өз ойын ортаға салды.

Іс-шара карантиндік талаптарды сақтай отырып офлайн және онлайн түрде өткізілді.

Медиа-қызмет

Прочитано 1318 раз
Top