Бүгін Дулати университеті қабырғасында «Экономика және құқық» факультетінің ұйымдастыруымен Зиманов Салық Зиманұлының 100 жылдық мерейтойына арналған «Салық Зиманов – заманымыздың заңғар заңгері» тақырыбында қалалық ғылыми семинар өтті.
Оффлайн және онлайн түрде ұйымдастырылған семинарға Дулати университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерімен қатар Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті мен қала колледждерінің оқытушылары мен студенттері де қатысты.
Іс-шараның модераторы Азаматтық құқық және процесс кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Зәуреш Әбдікәрімова сөз басында ғалымның өмірі мен еңбек жолына тоқталды.
Салық Зиманұлы Зиманов (1921-2011) - Заң ғылымының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері(1971).
Зиманов Салық 1990-95 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне халық депутаты болып сайланып, Жоғарғы Кеңес Төралқасының, Сыртқы қарым-қатынастар мен парламентаралық байланыстар комитетінің мүшесі, Ардагерлер мен мүгедектер жөніндегі комитет төрағасы болды. Білікті заңгер маман ретінде егемендік, тәуелсіздік жолын таңдаған Қазақстанның халықаралық қарым-қатынастарын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне белсене араласты.
Зимановтың ғылыми-зерттеу еңбектері, негізінен, мемлекет және құқық тарихы мен теориясына, Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да аймақтарында ұлттық мемлекеттердің қалыптасуы мен дамуына, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне т. б. өзекті мәселелерге арналған. Сондай-ақ, Зимановтың құқық теориясына, қазақтың дәстүрлі құқықтық мәдениетіне, шариғат заңдарына қатысты бірнеше ғылыми еңбектері жарық көрді.
Ғұмырын елінің ертеңіне арнаған ғалымның еңбек жолына арналған жиында заңғар заңгердің көзін көріп, дәрісін тыңдаған шәкірттері сөз сөйлеп естеліктерімен бөлісті.
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірінші вице-ректоры, з.ғ.д., профессор Еркін Шажаұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, з.ғ.д. Ләззат Еркінбаева, ТИГУ доценті, з.ғ.к. Жанғали Бақтыхожаев ұстаздан алған тәлімдерін, халық алдындағы абыройын әңгімелеріне арқау етті.
Мемлекет меншігі, халықтың ортақ байлығы саналатын – жер қойнауындағы пайдалы қазба, алқабилер жүйесін енгізу, билер және билер соты сынды халық игілігіне арналған зерттеу жұмыстары жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында Колбиннің алдына кіріп қазақ жастарының кінәсіздігін дәлелдегенін, бұл тек алып тұлғаға лайық батылдық екенін де жиынға қатысушылар тебірене қозғады.
Ғалымдар ойларын ортаға салып, облыста академик Салық Зимановқа арналған орталық ашу, кітаптарын, еңбектерін барша оқырманға қолжетімді болатындай ғаламторға жүктеу сынды ұсыныстар айтылды.
Медиа-қызмет