АШЫҚ КӨРМЕ АЯСЫНДА

Кітапханалық-ақпараттық орталықтың ұйымдастыруымен  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай профессор-оқытушылар құрамының ғылыми жетістіктері мен жарық көрген жұмыстарын таныстыру, рухани мұраларын насихаттау мақсатында «Тірегі сен төрімнің Тәуелсіздік!» атты ашық көрме өтті.

«Атамекен» патриоттық әнімен басталған көрмеде университетміздің бітіруші түлектерінің ашқан ғылыми жаңалықтары, патенттер, өнертабыстары мен жобалары таныстырылды.

Көрме барысында ректор міндетін атқарушы, э.ғ.д., профессор  Ержан Әмірбекұлы құттықтау сөзін сөйледі:  – Біздің мақсатымыз ұлттық құндылықтарымызды біріншіден өзімізге таныстыру, жастарымыздың бойына сіңіру. Екіншіден, Қазақстанға қызығушылығы бар шет елдік азаматтарға еліміздің ерекшеліктерін ұсыну. Еліміз мақтана алатын терең тарихы барын, ұлттық мұрамыз бен құндылықтарымыздың бай екендігін, бастысы қандай елмен салыстырсақ та біздің озық үлгілеріміздің бар екендігін әлемге көрсету. Бүгінгі жастарымыз ертеңгі елдігіміздің еңсесін биік те берік ұстар тұлға болуы тиіс.Тәуелсіздігіміздің тұғыры баянды болсын. Келесі 30 жылдықта еліміз әлемдегі озық 30 елдің қатарынан нық орын алатындай мүмкіндігі болсын, - деді.

Ғылыми жетістіктер көрмесінде өнертапқыш ғалымдардың өнертабыстары, патенттері мен жобалары көрермен назарына ұсынылды. Бірнеше жобалардың авторы «Enactus» ұйымының жетістіктері, жас ғалымдардың «Қант диабетіне қарсы, ортопедиялық аяқ киім», «құрғатылған қымыз өнімдері мен саумалдан жасалған таблеткалар», бүгінгі таңда сұранысқа ие болған жұқпалы аурулардың алдын алу үшін иммунитетті көтеретін «қызылша шарабы» сынды ғылыми жұмыстар көрмеде орын алды.

Іс-шара ары қарай жас ақындардың «Біз Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жүрек жарды өлеңдерімен жалғасты.

Қорытынды сөз сөйлеген профессор, техника ғылымдарының докторы Әбдіманап Әбдіраманов  және профессор, ҚР ҰТКҒА академигі Исабай Бекбасаров студенттермен өздерінің  ғылым жолындағы еңбектерімен бөлісіп, ақ жол тіледі.

Көрме соңында Кітапханалық-ақпараттық орталық директоры Гүлжан Жеңісбекқызы қатысушыларға алғыс ретінде кітаптар тарту етті.

Медиа-қызмет

Прочитано 1295 раз
Top