«ЛАТЫН ГРАФИКАСЫ: ЖАҢА ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ ЖӘНЕ ОРФОГРАФИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ» ТАҚЫРЫБЫНДА АШЫҚ ДИАЛОГ ӨТТІ

«Латын графикасы: жаңа қазақ әліпбиі және орфография мәселелері» тақырыбында ашық диалог өтті. Дулати университеті мен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті бірлесе жетілдірілген жаңа қазақ тілі әліпбиі мен соның негізіндегі емле ережесін (әріптердің емлесі, түбір сөздердің емлесі, қосымшалардың жалғануы, бөлек жазылатын сөздердің емлесі, бірге жазылатын сөздердің емлесі, дефиспен жазылатын сөздердің емлесі, бас әріптің емлесі, қысқарған сөздердің емлесі, кірме сөздердің емлесі, сөздердің тасымалдануы) қолданудың тиімді жолдарын меңгеру мақсатында онлайн форматта облыстық деңгейде ашық диалог ұйымдастырды.
Іс-шараға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің бас маманы Мырзабаева Балмира Жүнісбекқызы қатысып, жаңа жазуды үйрену барысында диакритикалық таңбасы бар әріптердің графикалық сұлбасын санаға мықтап орнату қажеттігі, жаңа әліпбиді түзу барысында негізге алынған графикалық, психологиялық, техникалық, әдістемелік ұстанымдар, жаңа емле ережені жасағандағы басты назарға алынған принциптерге (фонематикалық, дәстүрлі, фонетикалық, морфологиялық) кеңінен тоқталды. Мұғалімдерге латыннегізді қазақ әліпбиімен жазылған нақты тапсырмалар беріліп, ъ, ь, е, э, щ, ц әріптері бар шеттілдік сөздерді тіліміздің айтылым заңына сай жазылатындығы айтылды.
«Латын графикасы: жаңа қазақ әліпбиі және орфография мәселелері» тақырыбында ашық диалогқа аудандық (қалалық) білім бөлімдері мен облыстық білім басқармасына қарасты білім мекемелерінен 300 мұғалім (бастауыш сынып мұғалімдері, қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын және тарих пәнінің мұғалімдері) қатысты.

Прочитано 1361 раз
Top