АҚЫНДАР ЖЫРДАН ШАШУ ШАШТЫ

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Тәуелсіздік залында «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің ұйымдастыруымен «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты бір жылдық іс-шаралар марафонының ашылу салтанаты өтті.

ZOOM платформасында ұйымдастырылған шараға Дулати университетінің шығармашыл түлектері, Филология және журналистика кафедрасының профессор-оқытушылары және БАҚ өкілі қатысты.

Бұл марафон аясында бір жыл бойы Гуманитарлық әлеуметтік ғылымдар факультетінің ұйымдастыруымен эссе, әңгіме, мақала жазу, фото, бейнефильм түсіру, ақындар айтысы сынды түрлі байқаулар ұйымдастырылатын болады.

Қазақ елінің Әнұранымен басталған жиын «Егемен елдің еңсерген биігі» тақырыбындағы бейне-роликпен жалғасты. Іс-шараның модераторы университет түлегі, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, ақын Олжас Сәндібек аталмыш марафонның мақсатын, міндетін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мерекелік жиында факультет деканы, ф.ғ.к., доцент Айсұлу Нұрдынқызы кіріспе сөз сөйледі. Тәуелсіздік ұғымына кеңінен тоқталып, университетіміздің түлектері, бүгінгі елімізге танымал ақындары, шығармашыл жастары оқу ордасының ғана емес, жалпақ жұрттың мақтанышы екенін айтты.

Ақындардың жыр-шашуымен жалғасқан шарада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жастар одағы және мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын Маралтай Райымбекұлы, «Білім және өнер» журналының редакторы, ақын Азамат Есалы, бірнеше жыр-жинақтың авторы, мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты, ақын Ерлан Жүніс, айтыскер ақын Есет Досалы, журналист, ақын Нұржан Қыдырәлі Тәуелсіздікке арнаған жырларын оқып, ақжарма тілектерін жолдады.

Журналистика мамандығының студенті Шапағат Әбдір домбыраның күмбірімен арнау жырын тарту етті.

Тәуелсіздік күніне арналған жиын соңында кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Күлзинат Қарымбаева жиналған қауымды мерейлі мерекемен құттықтап, барша жасты аталмыш марафонға белсене атсалысуға шақырды.

DSC 0181                                                                                                                                                                                           

 Медиа-қызмет

Прочитано 1659 раз
Top