СЕССИЯ СҰРАҚТАРЫ САРАЛАНДЫ

Бүгін университет ректоры Махметғали Нұрғалиұлы әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирге шығып, қысқы сессияның талаптары мен форматы жайлы айтты.

Тікелей эфирге университет ректорымен қатар Тіркеу офисінің директоры Наталья Чернявская мен Жаңа ақпараттық технологиялар орталығының директоры Ақылбек Асанов та қатысып, студенттер сұрағына жауап берді.

14-желтоқсан қысқы сессия басталады. Оқу жылы басынан қашықтан білім алған студенттер көкейінде емтиханға байланысты сан түрлі сауал болуы заңды. Осыған байланысты университет басшысы студенттер сұрағына жауап беріп, емтиханның өту форматымен таныстырды. – 14 желтоқсан – 9 қаңтар аралығында бакалаврдың 1-4 курс студенттері және магистратураның 2-курсының білім алушылары, 28 желтоқсан – 9 қаңтар аралығында 1-курс магистранттары, ал кешкі бөлімде оқитын 456 білім алушы 4 қаңтар – 23 қаңтар аралығында академиялық күнтізбеге сәйкес сессия тапсырады. Емтихандар жазбаша және тестілеу арқылы жүзеге асырылады. Тестті «Сириус» және «Платонус» платформалары арқылы тапсырса, жазбаша емтихандарда Google Classroom және Moodle жүйелері қолданылады,- деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Сондай-ақ, емтихан тапсыруға міндетті пәндер жайлы да сөз қозғады. 466 пән бойынша студенттер міндетті түрде емтихан тапсырады. Ал қалған пәндерден студент деканатқа өтініш жазу арқылы жиынтық балды пайдалануына болады. Алыс ауыл-аймақта тұратын студенттердің қажетті құрал-жабдығы болмаған жағдайда ол студенттер университет жатақханасына келіп сессия тапсыруына мүмкіндігі бар. Гидро және технологиялық кешендерде арнайы компьютерлік класстар барлық санитарлық талаптарға сай жабдықталған. Емтиханды ұйымдастыру бойынша апелляциялық комиссия мен мониторинг жұмыс тобы жұмыс істейді. Студент емтихан нәтижесімен келіспеген жағдайда апелляцияға өтініш жазып, қайта емтихан тапсыра алады.

Сонымен қатар, 1-курс студенттері бұған дейін сессия емтиханын тапсырып көрмегендіктен олар үшін алдын ала сынақ тесті де ұйымдастырылатын болады.

Тікелей эфир барысында студенттер тарапынан оқу ақысы, 2-семестрдің басталу форматы, жиынтық балға қатысты түрлі сауалдар жолданды. Университет басшысы сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, тиянақты түсіндірді.

Медиа-қызмет

Прочитано 1677 раз
Top