ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРІ ЕКАТЕРИНА

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институтының студенті Екатерина Зубова «Тушь және қалам» атты шеберлік сағатын өткізді.

Екатерина көп суретшілер ескере бермейтін қателіктерді түсіндіріп, сурет салу барысында құралдарды дұрыс қолдану мен таңдай білудің қыр-сырымен бөлісті. Шеберлік сағатына Тараз қаласының суретшілері мен сурет әлеміне қадам басып келе жатқан жас шеберлер қатысты. Қазақстан ассамблеясында өткізілген іс-шара барысында Екатеринаның жеке көрмесімен таныстырылым болды. Оның "Адамдар мен қанаттар туралы" алғашқы көрмесі - Жамбыл облысы әкімі аппаратының "Қоғамдық келісім" КММ-де қолдауымен өткізіліп, салтанатты ашылу рәсімінде Тараз қаласы Суретшілер Одағының мүшесі екендігін растайтын билеті табыс етілді. Алғаш білім алу жолын облыстық «Мерей» көркемсурет мектебінен бастап, қазіргі кезде «көркем графика және дизайн» кафедрасының оқытушылары, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайреткері, ЖОО-ның құрметті профессоры Мұхамет-Омар Паншаев, доцент Мұратжон Рахымжанов, Болат Мырзахметов сынды оқытушылар білім беруде.

Көрме барысында Екатерина Зубованың тушьпен жасалған 35 жұмысы (графикалық техника) көрермен назарына ұсынылды.

Қылқалам шеберінің «Өрт», «Менің періштем Габриэль», «Жылан-азғырушы», Михаил Булгаковтың «Мастер и Маргарита» романы негізінде салынған «Қолжазбалар жанбайды» картиналары адамның ішкі сезімі мен толғанысын жеткізіп қана қоймай, өзіндік ерекшеліктерімен өмірге деген құлшынысты одан сайын арттыра түседі. Екатеринаның әрбір суреттерінен шынайлық пен жігерлілік мен мұндалап тұрады. Жүрек сырларын, тұңғиық ойларын, қоғам тартысы мен талпынысын қыл қалам арқылы жеткізуге арнаған жас суретші – Екатерина Зубоваға алдағы уақытта тек ұшқыр қиял мен таудай талап тілейміз.

МЕДИА-ҚЫЗМЕТ

Прочитано 1355 раз
Top