Қалалық «Jambyl-Taraz » қоғамдық-саяси газетінің сатира саңлағы, шоқ тілді Шона Смаханұлының ізін жалғап, астарлы әзілдің майын тамызып, тілінің тікенімен түйреп алар қаламгерлерді анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Қырық өтірік» шығармашылық байқауында университетіміздің студенті Шапағат Әбдір бас жүлдені жеңіп алды.
Байқау ұйымдастырылғалы бері қатысушылардың шығармалары газет бетінде жарық көрген болатын. Ереже бойынша, қаламгер өз шығармасында шын сөз араластырмай, ойын өтірік сөзбен, өткір әзілмен жеткізуі керек. Республикалық байқауда Шапағат барлық қатысушыларды шаң қаптырып, жеңімпаз атанды.
Салтанатты шараны «Jambyl-Taraz » газетінің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали ашып, жарыстың өткізу мақсаты туралы тоқталды. Марапаттау салтанатында облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, сатирик Бақытжан Советұлы, журналист Болат Жаппарұлы қатарлы білікті азаматтар қатысып, үміткерлерге ақжарма тілегін, азаматтық ойларын айтты. Аталған іс-шараға журналистермен қатар жалпы әдебиет сүйер қауым қатысты.