Адамды адам еткен - кітап, адамзат еткен - кітапхана

     Бүгін Дулати университетінің Кітапханалық-ақпарат орталығы мен "Рухани жаңғыру"  жобалық офисінің ұйымдастыруымен "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Ауыл-ел бесігі" жобасы аясында  Талас ауданы Кеңес ауылдық округы Бөлтірік шешен ауылының Шоқан Уалиханов атындағы орта мектебінде сауапты іс-шара өтті. 

     Әзірге 100 аталым бойынша электронды кітабы бар виртуалды оқу залын орнатты. Осылайша университет кітапханасының ресурсын пайдалануға Ш.Уалиханов атындағы мектептің мұғалімдері мен оқушылары мүмкіндік алды. Бұл арқылы Дулати университеті Жамбыл облысының шалғай аулында орналасқан мектептің кітапхана қорын көркем шығармамен толықтырып, сонымен қатар "Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық"  жобасы аясында аударылған 88 аталым бойынша кітапты қолжетімді түрде оқу үшін  QR-код қойылған баннерді және көркем шығарманың 100 аталымы бойынша да  QR-код қойылған баннерді сыйлады.  Кітапханалық-ақпарат орталығының директоры Гүлжан Жеңісбекқызы қазіргідей карантин кезінде онлайн кітапхананың маңыздылығы мен тиімділігі туралы айта келе,  "Кітапханашысы білікті мектептің оқушылары білімді болады" деп, кітапхана ісі бойынша өз тәжірибесімен бөлісіп, Оразалы Сәбденнің" Абай",  Д. Қонаевтың,  Қ. Тоқаевтың кітаптарын тарту етті.  Университеттің IT-маманы Өтеген Сәния виртуалды оқу залымен жұмыс жасау тәсілін,  QR-кодты қолдану жолымен таныстырды. Өз кезегінде мектеп директоры Берік Сыдық пен мұғалімдер ауыл мектебінің кітапханасын қолдаудағы  игі іс-шарасы үшін университет басшылығына ризашылығын білдірді.

     Жуырда ҚР Президенті Қ-Ж. Тоқаев кітап пен кітапхананың ролі туралы маңызды пікір білдіріп, оның білім пен мәдениет ошағы екенін баса айтып, әсіресе ауылдағы кітапханаларды жаңғырту бойынша жаңа жоба туралы ойын айтқан еді. Өркениетті елдің сауаты мен мәдениеті кітаппен өлшенеді. Бұл ретте ауыл мектебінің кітапхана ресурсын көбейту, сол арқылы оқушылардың көркем әдебиет оқуына мүмкіндік жасау-сауапты іс.

   Дулати университеті ауыл мектептерін оқу, ғылыми және әдістемелік тұрғыдан қолдауды жүйелі түрде жүргізеді.

Прочитано 1619 раз
Top