ОЙ САЛАРЛЫҚ ОНЛАЙН КЕЗДЕСУ

«Рухани жаңғыру - берекелі шаңырақтан басталады» тақырыбында «Экономика» кафедрасының ұйымдастыруымен ҚР Парламент мәжілісінің V шақырылымының депутаты, қоғам қайраткері, «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Оразкүл Асанғазықызымен онлайн кездесу өтті.

Қазақ қызына тән өжеттілік пен батылдықты бойына сіңірген қадірлі қонағымыз аға, орта, жас буын өкілдеріне  ұлттық болмысымызды қалай сақтап қалудан бастап, отбасы құндылықтарын ұрпақ жадына сіңіру жағын талқылады. Ашық, еркін форматта өткен онлайн кездесуде қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, пікір алмасты.

Оразкүл Асанғазықызы қысқа ғана уақыт ішінде отбасы, қоғам, ұлттық код, дәстүр сабақтастығы туралы тұшымды ойларын ортаға салды. Келісті кездесудің құтты қонағы жастарды өз елін-жерін сүюге, ана тілін шұбарламауға шақырды. Жас ұрпаққа отбасының маңыздылығын ұғындырған бұл кездесу оларға рухани байлық сыйлады. Кездесуде отбасылық құндылықтардан бөлек тіл мәселесі мен тарих және ұлттың болашағы да тереңінен талқыланды. Өнегелі отбасы арқасында мемлекет те өркендейді, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Отбасында тәрбие алып жатқан әр бала өз бойындағы мінезі мен қасиеттерін, ұлттық рухани құндылықтарға деген сүйіспеншілікті ең алдымен отбасында, ата-ананың тәрбиесімен сіңіретіні анық. Сондықтан да баланың тәрбиелі жан-жақты болып өсуіне берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы өте маңызды.

 

АРДАҚ ЖАНТАЕВА, «ЭКОНОМИКА» КАФЕДРАСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ,АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ

Прочитано 1255 раз
Top