ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ЖЕТІСТІККЕ ТОЛЫ ЖЕМІСТІ ЖЫЛ БОЛСЫН!

Құрметті әріптестер, студенттер, магистранттар мен докторанттар! Баршаңызды 1-қыркүйек – Білім күнімен құттықтаймын!

Өздеріңіз білетіндей оқу жылы өзгеше басталғалы тұр. Оқу ордамыз өңірдегі екі ірі жоғары оқу орындарының бірігуімен М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне айналды. Екі есе үлкейіп, екі есе мықты оқу ордасы болдық. Демек, біз атқаратын жұмыс, баршамызға жүктелетін міндет те екі есе өспек. Алда үлкен міндеттер, жаңа жоспарлар, қыруар жұмыс бар. Айқын мақсатымызға  мызғымас бірлігімізбен, адал еңбегімізбен жетерімізге сенемін.

Жылдан жылға студенттік контигенттің сапасы жақсарып келеді. Халықаралық және республикалық ғылыми жобалардың конкурстары, республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлердің саны көбейе түсті. Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қорының стипендиясы және грантына ие болған студенттеріміз қосылды. Яғни, біліммен қатар ғылымға бейімделіп, ғылым әлемінде алғашқы қадамдарын жасап, "студент-зерттеуші" деген атақты жастарымыз иеленді. Мәдениет пен спорт салаларында есте қалатындай көптеген іс-шаралар өтті.

Оқу ордамыз шетелдік университеттермен байланысты күннен күнге нығайтып келеді. Бүгінгі күнде Ресей, Германия, Үндістан, Польша, Португалия, Түркия, Қырғызстан елдерімен берік байланыс орнаған. Қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша Дулати университеті Браганса политехникалық институтымен (Португалия),  Люблин политехникалық (Польша),  Алтай мемлекеттік (РФ), Мәскеу мемлекеттік Тамақ өндірісі университеттерімен серіктес. Қос дипломды иеленген білікті жастарымыз еңбек нарығында сұранысқа ие маман атанып келеді.

Оқу жылының соңында білім беру саласы жаңа форматқа, яғни қашықтан оқытуға көшкені мәлім. Қашықтан оқытуда әріптестеріміз жақсы нәтиже көрсетті. Студенттермен тығыз байланыс орнатып, интернет платформалары арқылы сабақтарды тиімді ұйымдастыра білді. Бұл да ауызбіршілік пен еңбектің нәтижесі.

Оқу ордамыздың кез-келген жетістігі барша ұжымның ортақ жеңісі. Алдағы уақытта да біз бағындыратын белес, асатын асу аз емес. Жаңа оқу жылы толайым табысқа, ілкімді идеяларға, жетістікке толы жыл болсын!

Университет табалдырығын жаңа аттаған 1-курс студенттеріне сәттілік серік болсын деймін. Ата-ана үмітін, ел сенімін ақтаңыздар.

 

Махметғали Сарыбеков, М.Х. Дулати атындағы

Тараз өңірлік университетінің ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Прочитано 1647 раз
Top