ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ АЙТЫЛДЫ

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында жаңа 2020-2021 оқу жылына дайындық туралы онлайн баспасөз конференциясы өтті.     

Алғаш болып университет ректоры Махметғали Нұрғалиұлы сөз алып, жаңа оқу жылының жаңалықтарын айтып берді. – 2020-2021 оқу жылының күзгі семестрі қашықтан оқыту жүйесі бойынша басталады. Студенттер онлайн және офлайн форматта оқитын болады. Ол үшін университетте Платонус және Сириус платформалары, жоғары жылдамдықты Wi-Fi және қуатты сервері бар. БҒМ әдістемелік ұсыныстарына сәйкес, кейбір білім беру бағдарламалары үшін, атап айтқанда өнер бағыттары бойынша; жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика; инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары; ауыл шаруашылығы және биоресурстар; көлік қызметтері бойынша білім алатын студенттер  қараша айының басында университет кампусында оқиды. Рұқсат етілген адам санын сақтай отырып зертханалық, практикалық және студиялық сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулерді жалғастыру үшін магистратура мен докторантурада білім алушылар да ЖОО зертханаларына барады. Барлық сабақтардың нақты форматтары мен өткізу күндері нақтыланып, оқытушылар силлабустарға енгізді. Пәндер бойынша контенттер, соның ішінде бейне-дәрістер, өз бетінше оқуға арналған тапсырмалар мен материалдар ЖОО-ның ресми ақпараттық-оқыту платформасына орналастырылған, - деді.  Ректор 1-курс студенттері үшін университетте жасалған мүмкіндіктер жайлы кеңінен айтып берді.

Баспасөз конференциясында ары қарай Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Махақызы сөз алды. – Облыста жаңа оқу жылына даярлық жоспарға сай жүргізілуде.  Жаңа оқу жылында 442 мектепте 234715 оқушы оқитын болады. Олардың 26,4 бірінші сынып табалдырығын аттамақ. Оқушылар  сабақты «ДаrуnOnlinе» білім беру платформасы арқылы оқиды. Ата-анасы жұмыс істейтін балалар үшін арнайы кезекші сынып жұмыс істемек. Мұндай кезекші сыныптарға ата-анасы өтініш берген бастауыш сынып оқушылары бара алады. Санитарлық талаптар қатаң сақталып, бір сыныптағы  оқушы саны 15-тен аспауы керек. Облыста 1487 кезекші сыныпта 19492 оқушы сабақ оқиды деп жоспарланып отыр,-деді. Спикер өз сөзінде қашықтан оқытудың ерекшеліктеріне тоқталып, мұғалімдердің жалақысы жайлы да айтып өтті.

Келесі баяндамашы Жамбыл облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің балалар мен жасөспірімдер арасындағы жұқпалы емес ауруларды бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Салтанат Әлібаева сабақ беретін ұстаздарға қойылатын талаптарға тоқталды. Салтанат Қордабайқызының айтуынша сақтық талаптарына сай денсаулығында кінәрәті бар ұстаздар, жүкті әйелдер және созылмалы ауруы бар мұғалімдер сабақ бермейді. Сонымен қатар, мектеп асханалары жұмыс істемейді. Мектеп жеткілікті мөлшерде дезинфекциялау және жуу құралдарымен қамтамасыз етілуі қажет.

 Медиа-қызмет

Прочитано 1614 раз
Top