БІЛІМ САЙЫСЫНАН БІРІНШІ ОРЫН

Оңтүстік өңірінің іргелі оқу орны – М.Х.Дулати атындағы ТарМУ қабырғасында ТМД елдерінің ЖОО арасында экологиядан IX Халықаралық олимпиада өтті.

 Аталмыш олимпиада бұған дейін сегіз рет ұйымдастырылып, былтыр Ресей елінің Рязань қаласында өткен болатын. Бұл олимпиада екі кезеңнен тұрады. Бірінші теориялық кезеңде қатысушылар өз жұмыстарын интернет арқылы жолдап, қашықтықтан қатысса, тәжірибелік кезеңде бірінші кезеңнен сүрінбей өткендер өз жобаларын қорғайды.

А.Д. Сахаров атындағы Халықаралық мемлекеттік экологиялық институты мен Дулати университетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан білім сайысы екі күн жалғасты. Халықаралық олимпиадаға П.А. Костычева атындағы Рязань мемлекеттік агротехникалық университеті (Ресей Федерациясы), А.Д. Сахаров атындағы Халықаралық мемлекеттік экологиялық институты (Беларусь елі), Беларус елінің құрама командасы, Қырғыз-Ресей Славян университеті (Қырғызстан республикасы) және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен барлығы бес команда қатысты.

Олимпиаданы алғы сөзімен ашқан университет ректоры, п.ғ.д., профессор Махметғали Сарыбеков ең алдымен қонақтарды тарихтың күре тамыры саналатын Тараз қаласымен таныстырды.

– Тараз қаласының 2000 жылдан аса тарихы бар. Бұған дейін қаламыз Әулие-ата, Жамбыл, Мирзоян деп аталған. Кейінірек өзінің ең алғашқы атауы – Тараз аты қайтарылды. Қаланың Тараз аталу себебінің бірнеше нұсқасы бар. Бірі қырғыз елінен бастау алатын Талас өзенімен байланысты болса, келесі нұсқа Тараз қаласы Ұлы жібек жолының бойында орналасқан қала болғандықтан бұл қалада сауда-саттық қызып жатты. Сондықтан, қаланың атауы «таразы» деген сөзбен байланысты деген де нұсқа бар, - деп тарихтан сыр шерткен университет басшысы өтіп жатқан олимпиаданың өзектілігіне де тоқталып өтті. Өз сөзінде экологияның үш заңдылығы: «Табиғат бәрін біледі», «Барлық нәрсе бір-бірімен байланысты», «Ешнәрсе із-түссіз жоғалмайды» деген тұжырымдамалардың мән-маңызын ашып түсіндірді. Сөз соңында қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

Шара барысында Рязань мемлекеттік агротехникалық университеті мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті арасында ынтымақтастық жөнінде Меморандум қабылданды. Бұл Меморандум аясында екі университет арасында байланыс нығая түспек. Яғни, тәжірибе алмасу, екі дипломды білім беру сынды жетістіктерге қол жеткізу күтілуде.

           Келесі сөз кезегін алған Беларусь елінің   Халықаралық мемлекеттік экологиялық институтының оқу және тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасары И.Э. Бученков сөз басында үлкен шараны өткізуді өз мойнына алған университетімізге алғысын білдіріп, олимпиада барысында экологиялық қауіпсіздік жайында пайдалы ақпараттар мен тың жаңалықтар айтыларына сенім білдірді.

         Білім додасы әрбір команданың таныстыруымен бастау алды. Әр команда мүшелері келген қонақтар мен студенттер алдында өз елі, университеті, мамандықтары туралы сөз қозғады.

         Сайыстың екінші күні барлық қатысушылар өз жобаларын таныстырып, қорғады. Бес студенттен құралған университетіміздің командасы «Үлкен қалалардағы экологиялық проблемаларды шешу жолдары» тақырыбында жоба дайындап, көпшілікке ұсынып, ұтымды ойларын жеткізе білді. Экология мамандығының 3-курс студенттері Нұрлан Айбосын мен Анна Ажибаева команда атынан жобаны қорғап шықты. Ал Бауыржан Темірханов өзінің «Экосөмке» жобасымен таныстырды. Бауыржан бүгінгі экологиялық үлкен қатердің бірі – полителен пакеттердің қоршаған ортаға келтіретін зиянын дәлелдей келе, «Экосөмке» яғни, таза мақтадан тігілген сөмке әлдеқайда пайдалы екен айтып берді.

         Облыстық экология департаментінің экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Юрий Пасечный комиссия мүшесі ретінде барлық қатысушылардың жұмысын жақсы бағалап, талпыныстарына сүйсінгенін жеткізді.

– Студенттердің талабы мені қуантты. Олар өз жобаларында небір тамаша идеяларын ұсынып жатты. Олимпиадада студенттер өз білімдерін шыңдаумен қатар, жер аралап, әр елдің мәдениетімен танысуда. Бұл жолы Қазақстанда өтсе, келесі жылы Беларусь елінде өтеді деп күтілуде, - деп командалардың жұмысына жоғары бағасын берді. Сондай-ақ, Беларусь елінің Халықаралық мемлекеттік экологиялық институтының аға оқытушысы Татьяна Капустина қатысушылардың олимпиадаға үлкен дайындықпен келгенін айтып, шараның лайықты өтуіне мұрындық болған университетімізге ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

         Айта кетер болсақ, ТарМУ құрамасы жыл сайын өтетін бұл олимпиадаға бұған дейін үш рет қатысып, соңғы екі жыл қатарынан 1-орынды қанжығалап, жеңімпаз атанған болатын.

         Екі күнге созылған білім додасының нәтижесінде университетіміздің командасы жүлделі 1-орынды жеңіп алды. Беларусь елінің құрама командасы 2-ші орынды, ал А.Д. Сахаров атындағы Халықаралық мемлекеттік экологиялық институтының командасы 3-орынды иеленді.

         Барлық жеңімпаз командалар мен олардың жетекшілері алғыс хаттар мен сертификаттармен марапатталды.

Медиа-қызмет

Прочитано 2803 раз
Top