Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн.
Аймағымыздағы келер ұрпақтың алдындағы ардың ісін арқалап жүрген зиялы қауым «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ықыласпен түйсіне оқығаны анық. Олай дейтінім, мақалада «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары хақ.
Жыл басындағы халыққа Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталды деп жарияланды. Қайта жаңғырудың екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алып жатырмыз. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін әрқайсымыздың санамыз ісімізден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс, делінген мақалада. Шындығында ұлттық рухы, руханияты жоғары, мәдениеті озық ел көп нәрсеге қол жеткізетіні анық. Және ұлттық бірегейлікті сақтау ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін қажет етеді. Елбасы ұлттық мәдениетті сақтай отырып жаңғыру және ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту қажет екенін қазақстандықтардың түсіне білуі керек екендігін баса айтады. Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасын қолға алу ұсынысы жас ұрпақты тәрбиелеуге дәл және уақытында айтылған нақты тапсырма деп білемін. Әрбір адамның жүрегінде кіндік қаны тамған жеріне, өскен ауылына, туған жеріне деген сүйіспеншілік, құрмет болмайынша – Отан деген Ұлы ұғымға адал қызмет ету, жан дүниесімен беріле сүю екіталай.
Бұл – тектен тек айтыла салынған жүрек қалауы емес, бүгінгі өркениетті, озық технологиялы, жаһандық ықпалдасудан, керек десеңіз, түрлі қауіп-қатерден қорғану жолы. Осы орайда ұлтымыздың белгілі ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Қасыңнан да, досыңнан да бірдей сақтан», – деген сөзі ойға оралады. Сақтанудың басы – өзіңе қатысты рухани құндылығыңды түгендеп, кейінгіге мұра етіп қалдыру.
Әр халық ел болып ғұмыр кешуі үшін жастардың санасына ұлттық құндылықтарын сіңіріп, рухани болмысымен өмір сүруге баулиды. Елбасының осы мақалада көтерген тағы бір маңызды, өзекті мәселесі – туған жерге деген махаббат.
Президентіміз: «…Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп атап өтті.
Расында, өзінің туған жерінің, туған өлкесінің көркеюіне үлес қоса білген азамат бүкіл елдің игілігі үшін қызмет ете алады. Міне, патриотизм дегеніміз туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады.
Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның. Алла Елшісінің тағы бір хадисінде: «Отанын күзеткен шекарашының көзі ақыретте күймейді», – деген. Туған жерді қорғау, туған еліңе қызмет ету білімнің көптігінен емес, елдік санаға, туған еліңе деген махаббатқа байланысты екен. Алаш арысы Әлихан Бөкейхан: «Халыққа қызмет ету – білімнен емес мінезден», деп бекер айтпаса керек. Осынау парасатты пікір Абайда да бар: «Атаның баласы болма, адамның баласы бол». Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа алмасып отырған «елдік сана» желісі. Елбасының мақаласында айтылған осынау асыл құндылықтар санамызда жаңғыртып, жан-дүниемізді тағы бір серпілтті. Сонымен қатар, «Туған жер» бағдарламасы еліміздегі жомарт жандардың өзінің туған еліне шарапатын тигізіп, қайырымдылық іс-шараларға үлкен үлесін тигізуге ықпал етеді деген сенімдеміз.
Бұл жөнінде Түркістан өңірінде рухани-мәдени саланың дамуына ерекше жағдай жасалынып келе жатқанын атап айтқым келеді. Рухани мол мұраға бай өлке ретінде тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңес құрылып, рухани мұраларымыз зерттелуде.
Аймағымызда халықаралық ақындар айтысы, классикалық әндер, дәстүрлі орындаушылардың республикалық фестивальдары өткізілді.
Жалғасын табатын жарқын істердің жүзеге асуына Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл басындағы халыққа Жолдауында айтылған Қазақстанның үшінші жаңғыруы бағдарламаларымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бағыт-бағдар болатыны сөзсіз. Түркістан елінің зиялы қауым өкілдері, білім алушылар рухани жаңғырудың, озық ой-сананың, ұлттық рух пен патриотизмді насихаттайтын жарқын істердің көшбасында жүреді деп сенемін.
Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы Бақыт Жанасбаева