ОНЛАЙНДА ТАЛҚЫЛАҒАН ОЗЫҚ ОҚУЛЫҚТАР.

Бүгін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Рухани жаңғыру» жобалық офисі мен Филология және журналистка кафедрасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында лингвистика саласы бойынша аударылған әлемдегі тіл мен сана саласындағы алдыңғы қатарлы авторлардың бірі Стивен Пинкердің «Тіл - инстинкт» және Америка тілшілері қоғамының президенті Виктория Фромкин бастаған ғалымдар тобының жазған тілдік өзгеріс, тілді меңгеру, жазба тілдің негіздері, тіл және адам миы сияқты мәселелерін жаңаша талдайтын «Тіл біліміне кіріспесі» оқулықтарының аударма авторларының танымдық дәрісі тыңдалды.

 

Мақсаты – кітаптар мазмұнымен таныстыру. Жаңа оқулықтар арқылы қазақ аудитеорияларындағы талқының мазмұны мен деңгейін көтеру. Әлемдік деңгейдегі тіл саласы бойынша зерттеулермен таныстыру.
Дәрісті ашқан ТарМУ профессоры З.Құламанова жаңа оқулықтардың білім сапасын көтерудегі рөлі және аударылған кітаптардың қазақ дүние¬танымындағы орны, сонымен қатар тіл мен сана төңірегінде ой қозғады.
Профессор Ш.Құрманбайұлы лингвистика саласына қатысты аударылған оқулықтар тілінің жатықтылығы, оқырманға түсініктілігі, аудармада қазақ тілінің заңдылықтарының ескерілгендігі жайында баяндады. Оқулықтардағы терминдер мәселесін де қозғады. Кейбір терминдерді қазақ қоғамына түсінікті ету үшін қазақша баламалы аудармаларының жасалғандығын да тілге тиек етті. 12 тараудан тұратын «Тіл білімінің кіріспесі» оқулығында тіл ғылымы, фонетика, грамматика, морфология мен синтаксис мәселелерінің баяндалатындығын, тілдік өзгеріс, тілді меңгеру, жазба тілдің негіздері, тіл және адам миы сияқты жекелеген мәселелердің де қамтылғандығын баса айтты.
Филология ғылымдарының докторы Сәуле Иманбердиева тіл мен сананың байланысы туралы соны жаңалықтар мен ғылыми ортаның соңғы жетістіктерін талдап, тіл қызметінің қалай жүзеге асатынын, баланың тілді қалай үйренетінін мысалдар арқылы егжей-тегжейлі түсіндірді. Ал, филолог ғалым Ербол Әбдірәсілов бұл кітаптың көпшілік ойындағы тілге, санаға, инстинкке қатысты сан түрлі сұраққа жауап беретіндігін баппен баяндап, тіл ғылымы саласындағы өзекті мәселелер туралы өзіндік ойларын ортаға салды.
Дәріске филология және философия ғылымдарының ғалымдары, «Филология: қазақ тілі» мамандығының студенттері, тілжанашырлары қатысты. Дәріс соңында білім алушылар сұрақ қойып, профессор-оқытушылар тақырып бойынша өз ойларымен бөлісті.

«Рухани жаңғыру» жобалық офисі,
Мырзабаева Б.Ж.

Прочитано 2004 раз
Top