Конференцияның мақсаты – адамзаттың ұлы ұстазы, энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани, ғылыми мұрасын насихаттау және оның шығармашылық, ғылыми мұрасына халықтың және жұртшылықтың назарын аудару. Ғылыми-практикалық конференция барысында Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми трактаттарының негізгі принциптері талқыланып, оның шығармаларын насихаттау сөз болды. Айта кету керек, 2019 жылдың тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына дайындалу және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы қаулыға қол қойған болатын. Осыған байланысты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның дайындығы 2020 жылдың қаңтар айынан басталды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессорлары ғылым докторларының тікелей қатысуымен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде облыс көлемінде ғылыми-теориялық, практикалық конференциялар, ақпараттық семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасынан колледждің кітапхан қоры толықтырылды. Әбу Насыр Әл-Фарабидің мұраларын зерттеу жобаларының презентациялары өткізіліп студенттер мен оқытушылар арасында кеңінен насихатталды. Осы уақыт аралығында республикалық, облыстық басылымдарға мақалалар үздіксіз жарияланып отырды. Онлайн конференцияға М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова және Шымкент, Алматы, Атырау қалаларының, Ресей, Өзбекстан, Эфиопия елдерінің жоғарғы оқу орындарының өкілдері қатысты.
МЕДИА-ҚЫЗМЕТ