ЖАСТАР ДА ЖӘРДЕМАҚЫ АЛАДЫ

Күні бұрын студенттер қауымы үшін жағымды жаңалықтың куәсі болдық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42500 теңгені енді жұмыс істеген студенттер де алатынын айтты. 

Көптеген студенттер оқумен қатар бос уақытында жұмыс істеп, ақша табатыны белгілі. Бірі оқу ақысын өздері төлегісі келсе, енді бірі өз шығынын, жүріп-тұрғанын өзі қамтамасыз еткісі келеді. Тіпті үйдегі ата-анасына көмектесіп жатқан жастар да жоқ емес. Ал бүгінгі жағдай, жұқпалы аурудың қанат жаюы студенттерге де кері әсер етті, олар да тапқан табысынан қағылып отыр. Студенттерді қолдау үшін осындай қадам жасалуда

Енді аталмыш жәрдемақыны қалай алады деген заңды сауал туындайды. Ең алдымен оны жұмыс істеген студенттер алады және ол жәрдемақы шәкіртақыға ешқандай әсер етпейді. Яғни, шәкіртақы алатын студент жәрдемақыны да алауына мүмкіндігі бар. Деректерді тексеру мен өтініш үш күн ішінде қаралады, егер МӘСҚ (мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры) төлем жасау туралы шешім қабылдаса, өтініш берушіге хабарлама келеді. Әлеуметтік төлем алу бойынша өтінішті eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады. Айта кетсек, бұған дейін аталмыш жәрдемақыны жұмыссыз қалған азаматтар, еңбекақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлер, бала күтімімен үйде отырған аналар алған болатын. 

Студенттер қауымын қолдап, демеу мақсатында жасалған бұл шешім бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Мұнай, газ және механика факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Кенжеғали Шилібек өз ойымен бөліскен болатын,

Студенттер тек білім алып жатқан жастар емес, қоғам жұмысына белсене араласып, өз үлестерін тигізіп отырған білімді, белсенді, қайырымды да қайырлы қауым. Қай істе болмасын, өздерін тек жақсы қырынан көрсетіп жүрген жан-жақты жастар аз емес. Университетімізде әрі білім алып, әрі жұмыс істеп, қаражат тауып жүрген жастар бар. Үкімет тарапынан қабылданған шешім жастарымыз үшін аз да болса көмек болмақ. 

Қазіргі уақытта тұтас әлем індетпен күресіп жатыр. Осы жаман дертті ауыздықтауда еріктілер қатарындағы біздің студенттердің көп еңбегі бар. Қоғамның әр саласында жасалынып жатқан қайырымдылық іс-шаралардың ортасында жүр.  Үйде отырған студенттеріміз уақытты тиімді пайдаланып, әлеуметтік желілерде елдікке, бірлікке үндейтін интернет-флэшмобтар, челлендждер, бейне қойылымдар, концерттер ұйымдастыруда. Бұлардың барлығы бүгінгі студенттердің үлкен ерлігі.Біз тек студенттеріміз мемлекет тарапынан беріліп отырған көмекті дер кезінде алып, қажеттіліктеріне жаратып, қиын сәтте сабырлық пен төзімділікті серік етіп, болашаққа сеніммен қараса дейміз,- дейді Кенжеғали Қошқарбайұлы. 

«Біріге көтерген жүк жеңіл» дейді дана халқымыз. Демек, бір бағытта, бір мақсатта бірлікпен алға жылжысақ, қиындықты да бірге жеңеміз. Біздің мақсат студент қауымды жәрдемақы жаңалығынан хабардар ету, берілген көмектің игілігін көрсе деген ниет. 

Гүлбақыт Берікқызы

Дулати университеті 

медиа-қызмет тілшісі

Жәрдемақыны алу бойынша нұсқаулық

Прочитано 2230 раз
Top