2008-2012 жылдар аралығында М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-ды ӘШІМЖАН СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ АХМЕТОВ басқарды.
Бұл жылдар университеттің жаңаша даму кезеңі болды. Университетте 530 оқытушы, оның ішінде, 28 ғылым докторы, профессорлар мен 206 ғылым кандидаты мен доценттер қызмет етті. Университетте бакалавриат, магистратура, аспирантура және PhD докторантура көп сатылы білім беру жүйесі енгізілген. Оқу үдерісі мен ғылыми зерттеулерді қамтамасыз ету үшін оқу-әдістемелік басқармасы, тіркеуші кеңсесі, жаңа ақпараттық технологиялар орталығы, қашықтан оқыту орталығы, ғылыми-зерттеу бөлімі, ғылыми кітапхана, баспа, спорт клубы және өзге де университет бөлімшелері қызмет көрсете бастады.
Республика жоғары оқу орындарының арасында 2003 жылдан бастап алғашқылардың бірі болып университет оқытудың кредиттік технологиясына көшті. Отандық білім беру жүйесі үшін жаңалық болып есептелетін бұл жүйемен оқытуда университеттің профессор-оқытушылар құрамы жақсы нәтижеге қол жеткізді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйғарымымен университет республика жоғары оқу орындарына оқытудың кредиттік технологиясын ендіру бойынша Консалтингтік орталыққа айналды.
2005 жылдан бері ТарМУ Жамбыл облысы сапа бойынша халықаралық стандарттар дәрежесіндегі сертификатты иеленген бірегей оқу орны. ТарМУ-дың барлық қызмет түрлеріне ИСО 9001 сериялы халықаралық стандарттар талабына сай сапа менеджменті жүйесі (СМЖ) ендірілді.
Жарты ғасыр бойы еліміздің түрлі салаларына мамандар дайындап келе жатқан М.Х. Дулати атындағы ТарМУ тарихы – дәстүрге, тамаша адамдарға бай Жамбыл облысындағы ең іргелі оқу орнына айналды.