КӘСІПОДАҚ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН СПОРТТЫҚ ЖАРЫСТАР ӨТТІ

Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелері арасында бильярд және баскетболдан облыстық турнир өтті. Ұстаздар күні және Қазақстан кәсіподақтары күні қарсаңында ұйымдастырылған спорттық шараға облыс аудандары мен Тараз қаласының білім саласы қызметкерлерінің құрама командалары, облыстық мәндегі білім мекемелерінің және Дулати Университетінің құрама командалары қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты - білім және ғылым саласы қызметкерлері арасында дене тәрбиесі және спортпен шұғылдануды насихаттау, кәсіподақ ұйымдары арасында шынайы бәсекелестікті дамыту мен кәсіподақ мүшелігімен қамтуға ынталандыру болды.

250-ден аса қатысушы жинаған турнир қорытындысы бойынша бильярдтан ерлер арасында да, әйелдер арасында І орынды Меркі ауданынан келген спортшы-ұстаздар иеленді. Ал, Дулати университетінің намысын қорғаған Парманов Мақсат пен Бейсенова Жансая 4-орынды қанжығаға байлады.

Ал баскетбол бойынша Тараз қаласының спортшы-ұстаздары өзгелерден бәсі биік екендіктерін дәлелдеп, жеңіс тұғырына көтерілді. Төрешілер алқасының шешімі бойынша әйелдер арасында Дулати университетінің ойыншысы Диана Көпбосынова «Үздік ойыншы» атанды. Турнирдің жеңімпаздарына Жергілікті кәсіподақтың атынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар берілді.

 
 

 

Кәсіподақтар күніне арналған спорттық жарыстар Дулати университетінде жалғасын тапты. Жеңіл атлетикадан жекелей біріншілікке институт, факультеттер мен әкімшілік қызметкерлерінен құралған  8 команда қатысты.

Әйелдер арасында 60 метр қашықтықта Исаева Зарина ("Ұстаз") ең жылдам қатысушы атанды, Юлия Шмидт ("Әкімшілік") екінші нәтиже көрсетті және Куандықова Гүлчехраның (Технологиялық фак.) үшінші орын иемденді. Ерлер арасында 100 м қашықтықта Өксікбаев Ізбасар (Өнер және спорт) үздік нәтиже көрсетті, Сенгірбай Арман (Өнер және спорт) екінші, Ешметов Мейіржан ("Су шаруашылығы ж/е табиғатты үйлестіру") үшінші нәтижені көрсетті.

 

Әйелдерге арналған 4x100 м жеңіл атлетикалық эстафетада Экономика және құқық факультеті көшбасшы атанды, Технологиялық факультеттің командасы жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді, Ақпараттық технологиялар факультетінің командасы үшінші орынға табан тіреді. 4х100 м эстафетасындағы ерлер үшін орындар келесідей бөлінді: Өнер және спорт факультетінің командасы бірінші болса, Су шаруашылығы ж/е табиғатты үйлестіру институты жүгірушілері күміс жүлдеге, «Әкімшілік» командасы үшінші орынға ие болды.

 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер университет кәсіподақ комитетінің дипломдарымен, медальдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Дулати Университетінің
медиа-қызметі

Прочитано 1000 раз
Top