ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ САНДЫҚ ТҰЗАҚТАР

Университет қабырғасында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің ұйымдастыруымен «ХХІ ғасырдағы сандық тұзақтар» немесе «Өзіңізді қаржылық алаяқтардан қалай қорғауға болады?» тақырыбында студенттермен кездесу өтті. 

Кездесуге Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру – бақылау басқармасының басшысы Ержан Кенжебаев және Криминалистік бөлімінің басшысы Мақсат Байдалиев, Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер бойынша проректор Ләззат Еркінбаева, Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек және студенттер қатысты.

Кездесу мақсаты –  жастарды шыншылдыққа тәрбиелеу арқылы киберқауіпсіздік деңгейін арттыру және интернет-алаяқтық пен қаржылық қылмыстардан сақтану жолдары бойынша білімгерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізу.

Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер бойынша проректор Ләззат Еркінбаева сөз алып, интернет-алаяқтықтың жастар арасында жиі кездесетінін тілге тиек етті. Білікті мамандардың дәрісі тек ақпараттық қауіпсіздік дағдыларын жетілдіру негіздерін ашып қана қоймай, қаржылық сауаттылықты арттырудың маңыздылығына қатысты нақты әдістерді де ұсынатынын жеткізді.

Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің криминалистік бөлімінің басшысы Мақсат Байдалиев жастардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру, сондай-ақ интернет желісінде құқыққа қарсы контент жарияланымдарының алдын алу негіздеріне тоқталып, интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шаралары жайлы сөз қозғады. Дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырды.

Кездесу соңында мамандар студенттермен еркін форматта пікір алмасып, алаяқтардан сақтану шаралары талқыланды.

сан1111

сан2222

сан3333

сан4444

 

Прочитано 186 раз
Top