Университет қабырғасында «Ақпарат және медиакоммуникация» орталығының ұйымдастыруымен онлайн және оффлайн форматта «Қоғамдағы әлеуметтік-психологиялық мәселелердің медиа моделі» атты халықаралық конференция өтті.
Қоғамдық мәселелер қозғалған басқосуға Жамбыл облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Еркін Тілешұлы, Жамбыл облысы әкімдігі Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова, психология ғылымдарының докторы, профессор, Ош мемлекеттік университетінің психология кафедрасының меңгерушісі Акчач Олмасовна , Жамбыл облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі Дәурен Оралұлы, Халықаралық коуч, педагог Ғалымбек Бермаганбетов, Моңғолия Ғылым және технология университетінің іскерлік әкімшілік және гуманитарлық жоғары ғылымдар мектебінің директоры Энхбат Авирмед, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» директоры Алмат Сәдуақас, психолог Гүлназ Бейсембек, «Jambyl-Taraz» газетінің бас редактор орынбасары Мұратхан Әлімхан, Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек, Әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы Арнат Ұлтанбаев, БАҚ өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Конференция мақсаты – әлеуметтік-психология, лудомания және буллинг мәселелерде БАҚ-тың рөлі, қоғамды ақпараттандыруға қосқан үлесі және ғылыми зерттеулері жайлы кең көлемде талқылау. Сонымен қатар, қоғамға және студент жастарға тигізер пайдасы мен күтілетін нәтижелерін бағдарлауға бағыттау.
Конференция модераторы ретінде университеттің Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек жүргізді. Ол өз сөзінде, адамның психологиялық қауіпсіздігі қазіргі таңда өте өзекті екенін жеткізді. Білікті мамандардың дәрісі тек психологиялық қауіпсіздіктің теориялық негіздерін ашып қана қоймай, психикалық денсаулықты сақтау бойынша нақты әдістерді де ұсынатынын жеткізді. Психологиялық қауіпсіздік пен психикалық денсаулық концепцияларын білу және тәжірибеде қолдану кәсіби тұрақтылық пен табысқа жетудің маңызды құралы болатынын сөз етті. Сонымен қатар, аталған мәселелер тек жеке тұлғаның емес, тұтас қоғамның тыныс-тіршілігіне кері әсер ететінін баса айтты.
Конференция барысында мамандар тақырып аясында түрлі баяндама жасап, тұшымды ойларымен бөлісті. Алғашқы болып сөз алған Еркін Тілешұлы адам құқықтарының сақталуы, әсіресе, жасөспірімдер арасындағы құқықтық сауаттылық пен олардың қорғалуы жайында өзекті мәселелерді көтерді. Ал, Гүлсара Мұхтарқұлова буллинг пен лудоманиямен күресте құқық қорғау органдарының рөлі мен тәжірибелік тәсілдері жайында кеңінен баяндады. Мамандардың айтуынша, бұл мәселелердің алдын алуға ата-аналар, мектеп, университет және БАҚ өкілдері тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет екенін тілге тиек етті.
Zoom платформасы арқылы қосылған Акчач Олмасовна сөз алып, халықаралық тұрғыда әлеуметтік дерттерге қарсы күрестегі психологиялық көзқарастармен бөлісіп, ғылыми негізделген зерттеулерден мысалдар келтірді. Сондай-ақ, Моңғолиядан арнайы қатысқан Энхбат Авирмед білім мен ғылым интеграциясында студенттердің психологиялық әл-ауқатына назар аудару қажет екенін баса айтып, халықаралық тәжірибе арқылы бірқатар маңызды ойлармен бөлісті.
Дәурен Оралұлы жас буын құқықтарының қорғалуы мен қауіпсіз орта қалыптастыру мәселесіне терең тоқталып, әрбір баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау керектігін алға тартты. Ал, Ғалымбек Бермағанбетов жас ұрпақтың тұлғалық дамуына әсер ететін психологиялық факторлар туралы баяндама жасап, тың идеяларымен бөлісті. Арнат Ұлтанбаев өз сөзінде, студенттік ортада кеңінен орын алып жатқан буллинг, лудомания және психикалық қауіпсіздік мәселелері – бүгінде үндемей қалуға болмайтын, дер кезінде әрекет етуді талап ететін өткір тақырыптар екенін баса айтты. Аталған мәселелерді терең зерделеуге, шешу жолдарын қарастыруға ұсыныстар білдірді.
Алмат Сәдуақас сөз алып, қоғамдағы әлеуметтік ахуал туралы шынайы ақпарат таратудағы БАҚ-тың жауапкершілігіне тоқталды. Білім беру мекемелеріндегі медиа сауаттылық пен ақпараттық қауіпсіздік жайлы мемлекет деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, бірқатар ұсыныстар білдірді. Ал, Гүлназ Бейсембек буллингтің балалар мен жасөспірімдерге келтіретін жан жарасы туралы мысалдар келтіріп, оны болдырмау үшін қолдануға болатын әдіс-тәсілдерді ұсынды. Сонымен қатар, психологиялық атмосфераны құрудың маңыздылығын, оның жеке өмір мен кәсіби қызметтегі рөлін ерекше атап өтті. Білімгерлерге күйзелісті төмендету техникалары, эмоциялық интеллекттің маңыздылығы, психоэмоционалдық тұрақтылықты қалыптастыру туралы құнды ақпараттармен бөлісті. Мұратхан Әлімхан өз сөзінде, журналистердің осы тақырыптарды ашық, бірақ этикалық шеңберде қозғауы – қоғамның өзгеруіне бастар негізгі жол екенін тілге тиек етті.
Кездесу соңында мамандар толыққанды мағлұматтармен бөлісіп, студенттер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Мамандар білім алушыларға ішкі жағдайды басқара білу жайлы кеңестер беріп, өмірді жақсарту жолдарын таңдау әркімнің өз қолында екендігін жеткізді. Сонымен қатар, Аслан Еділханұлы конференцияға қатысқан білікті маман иелеріне Алғыс хат табыстап, жылы лебізін жеткізді. Алдағы уақытта Дулати университеті қоғамға пайдалы басқосуларға әрі бірлесе жұмыс жасауға дайын екенін айтты.