Дулати университетіне АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм мырза ресми сапармен келді. Делагация құрамында Бас консул Мишель Еркин, Қоғаммен байланыс жөніндегі көмекші Деже Джури Холмс, Координаторлар Ерасыл Толеугазинов және Анар Хамзина болды.
Кездесу мақсаты – өзара тиімді стратегиялық ынтымақтастықты дамыту және бірлесе жұмыс жасау арқылы жастарға білім мен дағдыны пайдаланып, тәжірибе алу арқылы кәсіби салаға қадам басуға мүмкіндіктер ашу.
Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов қонақтарға жылы лебізін білдіріп, Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы ғылыми-техникалық және білім беру саласындағы ынтымақтастық оң бағытта дамып жатқанын жеткізді. Білім беру бағдарламаларын кеңейту, ғылыми жобаларға инвестиция тарту, сондай-ақ Қазақстандық және жетекші Америкалық университеттер арасында тәжірибе алмасу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Дэниел мырза студенттерге «АҚШ-тың Орта Азиядағы сыртқы саясаты» туралы ағылшын тілінде дәріс жүргізіп, тұрақты даму мәселесіне баса тоқталып, тәжірибесімен бөлісті. Студенттер қонаққа өздерін қызықтырып жүрген академиялық бағдарламалар, Орталық Азия аймағындағы халықаралық ұйымдардың маңызы, әрі Дэниел Розенблюмнің дипломат ретінде қалыптасуы жайлы сауалдарына жауап алды. Білімгерлер АҚШ-тағы білім беру жүйесімен, мәдени ерекшеліктерімен жақынырақ танысты. Дэниел мырза барша студенттерге білікті кадр атанып, елге еңбек ету - жастарға жүктелер басты міндет екенін жеткізді.
Кездесу барысында екі тарап өкілдері ағылшын тілін оқытуды ілгерілету саласындағы және түрлі ғылыми ізденестерге ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді.
Қонақтарымыз бас ғимаратта орналасқан мұражайда М.Х.Дулатидің шығармашылығымен танысып, әйгілі тарихшының жәдігерлері мен қоғамдық қызметін сипаттайтын мұрағат құжаттар, тарихи фотосуреттер, сирек басылымдарына қызығушылық танытты. Сондай-ақ. Дулати ұжымының қонақжайлығы мен жылы қабылдауына алғыстарын білдіріп, білім ордасы алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді.