Дулати университеті қабырғасында $50,000 жүлде қоры бар республикалық «Decentrathon 2.0» мультилокациялық хакатоны өтті.
Байқауды ұйымдастыру комитеті: Astana Hub, аймақтық Zhambyl Hub және Blockchain Center зерттеу зертханасы, Дулати университетінің коммерцияландыру бөлімі, Корпоративтік клиенттермен жұмыс жөніндегі бөлім.
Байқаудың мақсаты – IT саласындағы жас мамандарға инновациялық стартаптар мен кәсіпкерлік бастамаларды қажетті ресурстармен, біліммен және қолдаумен қамтамасыз ету. Қатысушы командаларға қойылған шарт – 48 сағат ішінде өзекті мәселелердің жаңа шешімдерін ұсыну, инновациялық өнім идеяларын дамыту.
Онлайн форматта Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев қатысушыларға сәттілік тілеп, жаһандық жобалар жасайтын жас мамандардан үлкен үміт күтетінін жеткізді.
«Decentrathon 2.0» хакатоны Қазақстанның 17 өңірін және Астана мен Алматы қалаларын қамтиды. Биылғы хакатонға 2500-ден астам қатысушы тіркелсе, Жамбыл облысынан 113 адамнан құралған 43 команда бақтарын сынады. Олар төрт негізгі бағыт бойынша тапсырмаларды шешумен айналысты: жасанды интеллект (AI), Blockchain, ойын индустриясы (GameDev) және Telegram шағын қосымшаларын жасау.
Дулати университеті Коммерцияландыру бөлімінің басшысы Жайдарбек Танаев сөз алып, байқаудың маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде технология дәуірінде әр жас буын өзінің стартапын іске асыра алатынын, ең бастысы — өзекті мәселені тауып, оны шешудің жолдарын ойлап табу екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, мультилокациялық хакатон елімізде ғана емес, жаһандық салаларды да өзгертіп, жас таланттарға технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік екенін жеткізді.
Байқауда командалар өзара бақ сынап, білімін, біліктілігін және тәжірибесін сынай отыра, жетекші компанияларға жобаларын таныстырды. Дайындалған жобаның қоғамға пайдасы мен экономикалық тиімділігіне баса назар аударылды. IT мамандарының жетекшілігімен қатысушылар білім мен практикалық дағдылар алу мүмкіндігіне ие болды.