Дулати университеті қабырғасында кезекті Ғылыми кеңес мәжілісі өтті.
Мәжіліс марапаттау салтанатымен басталды. Дулати университетінің 10 оқытушысы шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешіміне сәйкес «500 ғалым» бағдарламасының стипендия иегері атанған болатын. Бұл оқытушылар шетелдің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттыратын болады. Жүзден жүйрік атанып, зор мүмкіндікке ие болған ғалымдарды университет ректоры Мұхтар Байжұманов арнайы құттықтады.
Келесі кезекте «Үздік оқытушы – 2023» атағының иегері Автоматика және телекоммуникация кафедрасының профессоры, тех.ғ.к. Мұхтар Жүнісбеков пен Химия және химиялық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы, химия магистрі Рабиға Құдайбергенованы жеткен жетістігімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Педагогикалық психология кафедрасының доценті Гүлнар Сейдалиеваның 35 жыл ұжымда еңбек атқарып, жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеудегі жетістіктері еленіп, «Үздік табыстары үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Облыс әкімінің Құрмет грамотасы «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының доцент м.а. Жамила Мамырханова мен «Жерге орналастыру және кадастр» кафедрасының доцент м.а. Қуаныш Бақытжанұлына табысталды.
Ғылыми кеңес барысында Дулати университетінің 2023-2029 жылдарға арналған Даму бағдарламасының жобасын талқылады. Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есимова презентация арқылы бағдарламаны кеңес мүшелерінің назарына ұсынды. Даму бағдарламасы аналитикалық платформаларды құру, онлайн білім беруді дамыту, робототехника, жасанды интеллект, цифрландыруды одан әрі жетілдіруді көздейді. Сондай-ақ, бүгінгі таңдағы негізгі проблемаларға талдау жасап, білім бағдарламаларын дамыту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, профессор-оқытушылар құрамы, тәрбие жұмыстары мен студенттердің белсенділігін арттыру бойынша сұрақтар жан-жақты сараланды. Дулати университеті түлектерінің еңбек нарығында алатын орнын өзге ЖОО салыстыра отырып, нәтижені жақсарту бойынша біршама жұмыстар атқарылу керектігі көрсетілді. Халықаралық қатынастар бойынша жұмысты жандандыра түсу мәселесі де кеңесте талқыланды. Нәтижесінде 2029 жылға дейін Дулати университеті ірі академиялық, инновациялық кәсіпкерлік орталыққа айналу мақсаты тұрғаны айтылды.
Ғылыми кеңес аясында Қазақстан Республикасының Президенті шәкіртақыларын тағайындау, Монографияны басылымға ұсыну, Оқу және ғылыми әдебиеттерді баспадан шығарудың 2024 жылға арналған тақырыптық жоспарын бекіту, Магистранттардың ғылыми жетекшісін қайта бекіту сынды сұрақтар қаралып, кеңес мүшелері дауысқа сала отырып шешім қабылдады.