Байқаудың мақсаты – IT саласында стартап бастаған немесе бастауды жоспарлап отырған жас мамандарға қолдау көрсетіп, инновациялық стартаптар мен кәсіпкерлік бастамаларды қажетті ресурстармен, біліммен және қолдаумен қамтамасыз ету. Жастар арасында стартап мәдениетін насихаттау және индустриядағы үздік идеяларды дамыту.
Байқауда Халықаралық IT Технопаркі Астана Хабтың бизнес-жобалар кеңсесінің аға менеджері Ашимбек Абильгазинов, The Fashion People стартабының коммерциялық директоры Аяжан Рустемова, Ташкент қаласындағы Hamkorlab компаниясының продакт кеңсесінің басшысы Нурсултан Оразалин, Vector Education стартабының ко-фаундеры және СОО-сы Темирлан Беркимбаев, «Банк ЦентрКредит» АҚ - ның Жамбыл облыстық филиалының директоры Бекдауыл Ипдилдаев, Жамбыл облысы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының "Жамбыл облысының жобалық басқару және цифрландыру орталығы" КММ-нің басшысы Гүлпара Ташенова, Казфосфат компаниясының ІТ департаментінің жобалық кеңсесінің басшысы Айбар Үсен төрелік етті.
Байқауды Басқарма мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейітжан Орынбаев құттықтау сөзбен ашып, стартаптың маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде технология дәуірінде әр жас буын өзінің стартапын іске асыра алатынын, ең бастысы — өзекті мәселені тауып, оны шешудің жолдарын ойлап табу екенін айтып, қатысушылардан үлкен үміт күтетінін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауы бойынша 2026 жылы еліміздің IT экспорты 1 миллиард долларды құрау міндеттелген болатын. Осыған сәйкес, Жамбыл облысының осы мақсатқа жету жолындағы үлесі артып келеді.
Байқауда 9-11 сынып оқушылары, университет және колледж студенттері өзара бақ сынады. Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар 4 күндік оқуды тәмамдады. Барлығы 55 өтінім қабылданып, жартылай финалға үздік 30 топ өз жобаларын қорғады. Жартылай финал қорытындысы бойынша 15 үздік стартап идея финалдық кезеңде бақ сынап,өз білімін, біліктілігін және тәжірибесін сынай отыра, қазылар алқасы алдында жобаларын қорғады. Жобаны көрсету үшін жобаның қысқаша сипаттамасы, кезеңдері, процесі, технологиясы, нәтижесі және т.б. қысқаша сипаттамасын қамтитын жоба паспортын визуализациялау үшін командалар дайындаған презентация ұсынылды.Дайындалған жобаның қоғамға пайдасы мен экономикалық тиімділігіне баса назар аударылды.Үздік шыққан командаларға жүлде қоры-500 000 теңге құрайтын ақшалай сыйлықтар табысталады.
Байқау нәтижесі бойынша әділқазылар алқасы келесідей шешім қабылдады:
I орын – BEELIEVE командасы- 250 000 теңге
II орын – HELP FOR MUTES командасы- 150 000 теңге
III орын – AGRIBOTICS командасы 100 000 теңге
Байқау соңында қатысушылар университет ұжымы мен Zhambyl hub өңірлік менеджері, әрі байқауымыздың демеушісі Айгерім Наурызбековаға өз алғыстарын білдіріп, сайыстың тартысты өткенін жеткізді.