Оралхан Бөкей 1943 жылдың 28 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Әкесі Бөкей көп сөйлемейтін, сөйлей қалса сөзі өткір, қанжардай қиып түсетін, сөзге шешен, рухы мықты, жаны таза адам болған. Анасы Күлия көреген, ділмар, аузын ашса көмейі көрінетін ашық кісі болған. Керемет дауысы бар әнші, өлең шығаратын қасиеті де болыпты. Отбасында жалғыз ұл Оралхан жөне Шолпан, Әймен, Ләззат, Мәншүк, Ғалия атты бес қыз болған. Оралхан дүниеге келгенде соғыс жылдары болғандықтан, әкесі Орал қаласына еңбек майданына аттанған кез екен. Анасы Күлия әкесі еңбек майданынан аман - есен оралсын деп ырымдап, сәбидің атын Оралхан деп қойыпты.
Оралхан Бөкей 1961 жылы Шыңғыстайдың Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектебін тамамдап, сонда пионер вожатый, кейін «Алтай» кеңшарында тракторшы болып еңбек еткен. Әдебиетке деген құштарлығы 1963 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетіне алып келді. Сонда да ол өмірден қол үзбей, сырттай оқып, ауылдағы жұмысын жалғастырды. Университеттің екінші курсынан бастап аудандық газетке ауысты. 1968 жылы университетті тамамдап, өз өңіріндегі «Большенарым» ауданындағы «Еңбек туы» және Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газеттерінде тілшілік қызметтер атқарды. Ара - тұра Алматыдағы «Лениншіл жас» газетіне мақала - очерктерін жіберіп тұрады. Қаламы жүйрік, ойлары отты, жалынды жасты газеттің сол кездегі бас редакторы Шерхан Мұртазаның қырағы көзі қалт жібермеді, Оралханды өзіне жұмысқа шақырды. Сөйтіп 25 жастағы жас журналист Оралхан Бөкей Алматыға келіп, «Лениншіл жас» кәзіргі «Жас Алаш» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болды. Публицистикаға даңғыл жол осылай ашылды. Бұдан кейін 1974 - 1983 жылдары «ЖҰЛДЫЗ» журналының проза бөлімінде қызмет атқарды. 1983 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары, 1991 жылдың қазан айынан осы газеттің бас редакторы болып тағайындалды. (Оралхан Бөкей бүл газетте өзінің өшпес қолтаңбасын, қалдырған. Сол қолтаңба - өзгерістер мен жаңалықтар, жаңа айдарлар өзінің өміршеңдігімен ерекшеленеді. Мысалы, «Құмсағат» айдары үлкенді - кішілі оқиға, жаңалықтарға баға берер оқырман хаттарын жариялап тұрды. Сол арқылы белгілі бір кесімді уақыт аралығында не жоғалттық, не таптық деген сауалға жауап іздеді. «Сыр сандықты ашып қара» айдарының арамыздан ерте кеткен ақын - жазушылардың бұрын жарияланбаған шығармаларын, жазысқан хаттарын, естеліктерін жарыққа шығаруда уақыт уыты мен замана желі сарғайтқан қолжазбалар, көне фотосуреттерді іздеп тауып, оқырмандарға жеткізудегі маңызы зор болды.
Оралхан Бөкейдің мақалаларындағы еркіндік, ешкімге жалтақтамайтын турашылдық, батылдық, ол заман үшін үлкен жаңалық еді. Оның Қазақстан ғана емес Ресей қармағындағы қандастардың қамын ойлап, жоғын жоқтауы азаматтық тұлғасын айшықтай түсті. «Қазақ әдебиеті» газетінің Астрахань облысындағы күндерінен туған «Еділдің бойы ен тоғай» атты мақаласында: Астраханьді қоныстанған 140000 қазақтың әлі күнге дейін мәдени орталығы ұйымдаспағанын, қазақ тілінде БАҚ-ы жоқтығын айтқан. Сондай-ақ Шалкиіз, Қазтуған жырау, Асан қайғы, Құрманғазы сынды бүтін бір елдің маңдайындағы жарық жұлдыздары ескерусіз, елеусіз қалғанын; Қазақ халқы мен хандықтарының тарихы, архитектуралық мұрамыз - көне қалалар мен сарайлардың орны жып - жылмағайланып, жермен жексен күй кешіп жатқандығын; КСРО халық депутаттығына бірде - бір қазақ сайланбағанын ашып айтты. Бұл өз кезінде ешкімнің батылы барып қозғай бермейтін тақырып еді. Оралхан Бөкей публицистикасын парақтағанда оның ұлт тілінің шын жанашыры болғанын көреміз.
3 курс топ кураторы Байжігітова Мадина Төреханқызы