"Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына – 165 жыл" - поэзиялық кеш

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Экология» кафедрасы және кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен 27 сәуір күні «Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына – 165 жыл толуына орай поэзиялық кеш» өтті. Іс-шараға 1-4 курс студенттері қатысты.

Мақсаты: студенттердің Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы білімдерін дамыту; ақын өлеңдерінің идеясын ашу, рухани-адамгершілік қағидаларымен танысу, өлеңдерін нақышына келтіре оқи отырып, негізгі түйінге мән беру.
Кеште кітапхана библиографы Аленова Рысты Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық өмірін баяндады.

Шәкәрім – қазақ мәдениеті тарихында орны зор, еңсесі биік ерекше тұлға. Ол – заманның озық ойлы демократы, ірі ағартушысы, терең ойшылы, қоғам қайраткері. Шәкәрім әрі ақын, әрі тарихшы, философ, өз заманының үлкен ойшылы. Қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерген, қазақ халқының көркемдік ойының үздік үлгілерін туғызған, қазақ өлеңдерін түрлендіре түскен, қазақ тілінің мол мүмкіндіктерін бұрынғыдан әрмен танытқан бірегей қаламгер еді. Қилы заманда оққа ұшқан ақынның есімі де жұртшылық санасынан аласталмақ болған еді. Бірақ «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші өзі өлсе де аты өшпеген Шәкәрім атамыздың шығармалары әлі де жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып келеді.
Шәкәрім лирик ақын ретінде адамгершілік, өнер – білім, болашақ өмір, жастық пен махаббат туралы жазған өлеңдерімен әдебиет әлемінде өшпестей із қалдырды. Ақын қалдырған асыл қазынаның тақырыптық ауқымын, жанрлық кеңдігін көркемдік ерекшеліктері мен өзіндік тілдік шеберлігін ғалымдарымыз жан – жақты зерттеп, дәйекті тұжырымдап, бүгінгі рухани азығына айналдырып отыр.
Шәкәрім бабамыз: «Адам болып тудым, адам атымды ақтайын, көп үшін, халық үшін, келешек ұрпақ үшін еңбек етейін. Кейінгі ұрпақ үлгі аларлық із-белгі қалдырайын, адам атым өшпесін, тарихқа аз да болса үлес қосайын деген ойда болдым. Келешектің ойын ашайын деп жаздым... Өз заманым үшін жазғам жоқ. Келер дәуірдің адамы үшін жаздым» деген екен.
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жер жүзіне қарасам», «Иманым», «Бір аллаға сыйынған адам өлмес», «Алты әңгіме», «Сөз жазамын түнімен», «Дүние мен өмір», «Қысқа сөз өлең», «Мен кетемін, келеді тағы өмірге мендей», «Мақсұд», Мәнді сөздерін т.б. шығармалары мен өлеңдерін мәнерлеп оқып жарысты.

Талаптан да, білім мен өнер үйрен дегендей, өз шығармашылығанан арнау өлеңін Сәрсенбеков Қармыс орындады.
Шәкәрім өлеңдерінің негізгі объектісі – адам. Ол адамды жақсылыққа жетелеп, жақсы қасиеттерді қалыптастыруға ұмтылды. Адам мінез – құлқындағы салақтық, еріншектік, бойкүйездікті сынады. Кафедра меңгерушісі А.Жумадилова поэзиялық кешті Шәкәрім бабамыздың өз сөзімен қорытындылады.
«Адам үшін – еңбегім,
Өмірден барлық тергенім.
Қалағанын қалап ал,
Мұрам сол, жастар, бергенім!» — дей келе, бүгінгі поэзиялық кешімізге қатысушыларға алғысын білдіріп, алғыс хаттармен марапаттады. «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының директор орынбасары Н.Жоламанов жарысқа қатысқан ең үздік орындаушыларға 1,2,3 дәрежелі дипломдарын тапсырды.

Ұстаз

Мара

Диана

Top