ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

ҚҰРМЕТТІ РАХИМА ӘБДІРАХМАНҚЫЗЫ!

Сізді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ұжымының және «Су ресурстары» кафедрасының ұжымы атынан 60 жас – Мерей тойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз.

Ұстаздық пен ғылымдағы еңбек жолыңызды 1985 жылы «Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу» институтында инженер болып бастадыңыз.

1987-1990 жылдары Қазақ энергетика ғылыми зерттеу институтында күндізгі аспирантура бөлімінде оқыдыңыз.1990-1993 жылдары осы институттың «Гидротехникалық құрылымдар гидравликасы» зертханасында кіші және аға ғылыми қызметкер қызмет атқардыңыз.1992 жылы 05.23.16 – «Гидравлика және инженерлік гидрология» мамандығы бойынша кандидаттық диссертацияны сәтті қорғай отырып, ғылымға елеулі үлес қостыңыз.1993 жылдан осы уақытқа дейін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде оқытушы, аға оқытушы және доцент лауызымында табысты жұмыстар атқарып келесіз.

Осы уақыт аралығында гидротехника саласы бойынша ҚР өнертабысқа берілетін 6 алдын-ала, инновациялық патенттердің, авторлық куәліктің және пайдалы модельдердің, үш оқу құралы, 7 электрондық оқу құралы, сонымен қатар 100-ден астам ғылыми-әдістемелік жұмыстардың авторы болдыңыз. Содай-ақ магистратура және докторантура бойынша «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» мамандығының мемлекеттік білім беру стандарттарының және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бекіткен екі кәсіби стандарттардың авторысыз. Осы жетістіктер белсенділігіңіздің және адал еңбектеріңіздің жемістері. Ғылыми түрде нақты дәлелденген көптеген ұсыныстарыңыз, жұмыстарыңыз өндірістерге енгізілді.

Су саласының қыры мен сырын толық меңгерген ғалым, көптеген мамандар дайындаған қадірменді ұстаз, ғылымды ұйымдастырушысыз. Еңбектеріңіз еленіп, солардың ішінде 2017 жылы «Үздік ғылыми жетекші» номинациясы бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті ректорының құрмет грамотасымен, 2021 жылы ҚР тәуелсіздігінің 30 жылдық мерей тойына орай алғыс хатпен және «Білім беру жүйесін дамыту және жетілдіруге қосқан елеулі үлесі және 13 сәуір Ғылым қызметкерлері күніне орай» Жамбыл облысыны әкімінің құрмет грамотасымен марапатталдыңыз.

Сіз өзіңіздің терең біліміңіз бен талапкерлігіңіздің арқасында әріптестеріңіз бен шәкірттеріңіздің арасында үлкен беделге және олардың ықыласына ие болып жүрсіз. Сіз танымал ғалым, қамқор бауыр, сенімді дос бола білген абзал азаматшасыз. Адамдарға, жас ұрпаққа білім беруде, тәрбиелеуде жасаған жақсылықтарыңыз алдыңыздан шығып, әрдайым алғыспен көгере беріңіз.

Алпыс жасыңыз құт-берекенің басы болсын. Осы таңда адам өмір жолының асқар биігі – алпыстың шыңына шығып отырған Сізді, нағыз азаматтық қасиеттерге ие тұлға ретінде таниды. Бұл жылдар сіздің қоғамдық және жемісті еңбегіңіздің нағыз кемеліне келген кезең болды. Денсаулығыңыз мықты, жүзіңіз жарқын, ғұмырыңыз ұзақ та мағыналы болсын деген ізгі ниетпен Сізге бақыттың баяндысын, дәулет – ырысыңыз  Сыр суындай сарқылмасын, табыс - тартуларыңыз тау суындай таусылмасын деп тілейміз.Әрқашан мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік болсын!

«М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» КЕ АҚ

«Су ресурстары» кафедрасының ұжымы       

Top